Әлеуметтік желіде тойда америкалық иллюзионист Гарри Гудинидің аңызға айналған трюкін қайталаған қазақстандықтың видеосы тарап жатыр. Ол су толтырылған әрі құлыпталған аквариумнан шығуға тырысады. Алайда күтпеген жағдай болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеодан мерекелік іс-шаралардың бірінде сиқыршы аквариумнан шығуға тырысқанын көруге болады. Бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін ол өзін босату үшін белгі береді.
Видеоға түрлі пікір жазылған. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай трюк оның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін айтқан.
"Трюк көріп тұрған жоқпын, тек адам азап шегіп жатыр","Менің ойымша, тойда мұндай трюктар жасау дұрыс емес", - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.
Tengri Life мәліметінше, тойда қазақстандық сиқыршы-иллюзионист Төрехан Жұманов күрделі трюк орындаған. Ол - Қостанайдың тумасы, қазір Алматыда тұрады.
"Бұл трюкті бұрыннан орындап жүрмін. Бұл видео шамамен бір жыл бұрын Қостанай мейрамханаларының бірінде түсірілді. Сол кезде мұндай жағдай бірінші рет болды және одан кейін болмады. Әдетте бұл трюкті оңай орындаймын, бірақ сол жолы дұрыс болмады. Құлыпты кілтпен аша алмаған кезде қорқып кеттім. Ассистентке көмек берсін деп арнайы белгі бердім. Бірақ ол өзіме шығуға мүмкіндік беруді ұйғарған. Мен оған тағы да белгі бердім, содан кейін ғана ол аквариумды ашты", - деді 28 жастағы Төрехан.
Болған оқиғаға қарамастан, Төрехан бұл трюкті әлі де орындап, қазір белсенді өнер көрсетіп жүр. Алайда иллюзионист бұл жағдайдан сабақ алған, қазір спектакльдерге одан да мұқият дайындалады. Болашақта ол әйгілі сиқыршы және актер болғысы келеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!