- Негізгі бет
- LifeStyle
- Қорылды емдеуге бола...
Қорылды емдеуге бола ма?
Жалпы мамандардың айтуынша, қорылдағанның зияны жоқ. Шаршаған адамның қорылдап ұйықтауы қалыпты деседі. Алайда жиі қорылдау, қатты қорылдау сынды белгілері аурудан хабар беруі мүмкін. Қорылды емдеуге бола ма?
Қорыл несімен қауіпті?
Әдетте, қорылдаудың адамға зияны жоқ, тек ол оның айналасындағы адамдарға ұйықтауға кедергі келтіреді. Алайда кей жағдайда қорыл обструктивті апноэ синдромы деп аталатын қауіпті күйдің белгісі болуы мүмкін. Бұл бұзылыс адам тынысының толықтай немесе ішінара тоқтап қалуына әкеледі.
Патологияның мынадай салдарлары болуы мүмкін:
- Күндізгі ұйқышылдық;
- Жоғары қан қысымы;
- Инсульт;
- II типті диабет;
- Жүрек ауруының дамуы;
- Зейін қоюдың нашарлауы;
- Депрессия және көңіл күйдің құбылмалдылығы;
- Көруге байланысты проблема.
Әдетте, апноэнің алғашқы белгілерін оның туыстары байқайды. Егер жақындарыңыз, сіз ұйықтап жатып қатты қорылдайтыныңызды және ол әлсін-әлсін тынышталып қалатынын айтса, дәрігерге көрінген жөн.
Қорылды емдеуге бола ма?
Кей жағдайда адам қорылдауын өздігінен азайта алады.
Өмір сүру салтыңызды өзгерту
Әдетте, артық салмағы бар адамдар жиі қорылдайды. Сондықтан бірінші кезекте артық салмақтан арылған жөн. Бұл аз қорылдауыңызға көмектеседі.
Жастықты ауыстыру
Белгілердің қарқындылығын азайту үшін сына тәрізді жастық алған дұрыс. Ал биік жастықтардан бас тартыңыз. Себебі ол мойынға және арқаға түсетін күшті арттырады.
Арнайы девайстарды байқап көру
Қазір қорылдан арылтатын арнайы девайстар көп. Мысалы, мұрын қуысын кеңейткіштер. Олар ұйқы кезінде жеңіл демалуға көмектеседі. Алайда кез келген құралдар проблеманы тек уақытша шешеді.
Ота көмегіне жүгіну
Хирургиялық араласу қорылды тудыратын механикалық кедергіні кетіреді. Алайда мұндай емге қарсыкөрсетілім бар. Мысалы, қарт кісілерге, артық салмағы бар және апноэнің ауыр түрімен қиналатын адамдарға ота жасалмайды.
Қорылдаудың жиі кездесетін себептерін оқи отырыңыз.
А. Жапатова