Коронавирустан кейін жүрек ауруларының көбейіп кеткені рас па?

Коронавирустан кейін жүрек ауруларының көбейіп кеткені рас па? Бұл сұраққа Алматы қалалық кардиология орталығының жоғары санатты кардиологы Зүлфия Мақашева жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халық арасында пандемиядан кейін жүрек аурулары көбейіп кеткені немесе олардың асқынып кеткені жайлы пікірлер жиі айтылады. Бұл сұрақты алматылық кардиолог Зүлфия Мақашева қойдық.

"Зерттеулер бар. Бұл дәлелденген. Ковид кезінде біздің кардиологиялық орталық ковидтық орталық ретінде жұмыс істеді, бірақ біз жүрек-қан тамырлар аурулары бар, ковид жұқтырған адамдарды қарадық. Ковид біз үшін салыстырмалы түрде жаңа инфекция. Ол әлі де толықтай зерттелмеген шығар. Бірақ ол жүрек-қан тамырлар ауруларын ушықтыратын факторға жататыны сөзсіз. Себебі бұл инфекция тромб түзілу қаупін арттырады. Веноздық тромбоз – қауіпті асқыну", – дейді Зүлфия Мақашева.

Дәрігер коронавирус инфекциясы қан тамырлардың ішкі қабырғасын зақымдайтынын атап өтті.

"Сондай-ақ ковид қан тамырлардың ішкі қабырғасын зақымдайды. Ал ол тамырдың тарылуына әкеледі. Соның салдарынан органдар, соның ішінде ең алдымен жүрек, ми, бүйрек қиналады. Себебі қанайналым бұзылады. Бұл түрлі асқынуларға және жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Қазір бізде жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастар өте көп. Менің ойымша, бұған коронавирус инфекциясы өз үлесін қосты", – деп жауап берді кардиолог Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!