Желіде 12 құрсақ көтерген ананың балалары Қазнетті тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео әлеуметтік желіде бірнеше топта тарап кетті. Роликте бауырлар кезек-кезек бір-бірін шақырып, жантебірентерлік көріністі көрсетеді.
"12 құрсақ. Мынандай видеоны көргенде көзге жас келіп, көңілің босап қалады екен. Елжіретіп жіберді ғой. Бауырлар бір-біріне еркелеп тұр. Қандай жарасымды", - делінген депутат Дәулет Мұқаевтың парақшасындағы жазбада.
"Керемет, қартайғанда осылай бір-бірімізден сый-құрметіміз ажырамай, еркелеп журуді Алла нәсіп етсін".
"Осындай видеоларды көргенімде, іштей қуанамын, 12 болмаса да 7 баланы басым істеп туып алғаныма".
"Өлеңнің өзі қандай! Бауыр деген әр адамға керек. Қанша ұрысып қалсақ та ертесі күні іздеп тұрасың. Бауырың туралы бір нәрсе естісең, сол адаммен қырық пышақ болып қалатынымыз бар. Қанша үйі-күйі бөлек болғанымен соларға бір табан жақын болатынымыз рас. Үстеріне бір шыбын қондырмай, әрдайым жүрген жерде мақтап мәртебесін көтеріп жүреміз. Бауырымыз бүтін, ауызымыз бір болғай ағайын".
"Керемет! Біз де ата-анамыздан 12 баламыз. Ата-анам, үлкен ағам өмірден озып кетті. Мына видеоны көріп еріксіз жылап алдым. Шіркін, бір туған бауырға ешкім жетпейді ғой. Аман болайық! Ортамыз ортаймасын деп тілеймін!" - деп Желі қолданушылары жылы сөздерін жазып кеткен.
Massaget.kz тілшісі видео авторларымен байланысқан болатын. Видео 6 тамызда 12 бауырдың ата-анасының құрметіне берілген аста түсірілген екен.
"Біз Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би деген ауылданбыз. Өзімнен бөлек 11 бауырым бар. Әкемізге 100 жыл, анамызға 95 жыл толуына байланысты ас бердік. Бұл өзі әлеуметтік желіде бар тренд қой. Соны түсірсек деп ойлап жүргенбіз. Дайындалдық. Видео бұлай қатты тарап кетеді деп ойламадық. Тек өзіміз үшін, естелік болсын деп түсірген едік", - дейді видео кейіпкері Айгүл Бекібаева.
12 бауырдың ең үлкені 75-те екен.
"6 қыз, 6 ұлмыз. Бауырларымыздың көбі зейнетке шыққан. Қара шаңырақта отырған ағамыз бар. Бір ағам мен әпкеміз Самара қаласында тұрады. Видеода ең бірінші болып шыққан 75-тегі ағам Қызылордада тұрады. Одан кейінгі 1949 жылы туған ағамыз ауылда. Тағы бір әпкеміз Алматыда тұрады. 67-дегі тағы бір ағам да ауылда тұрады. Тағы бір ағамыз көрші ауылда, Шымкентте тұратын әпкеміз бар. Мен өзім ауылда мұғалім болып жұмыс істеймін", - дейді Айгүл Бекібаева.
Оның сөзінше, отбасындағы ұлдардың есімінің бәрі -ғали деп аяқталады екен.
"Есімімізді әкем қоятын. Әкеміз дүние салғаннан кейін анамыз қоятын. Басымызды жиі қосып тұрамыз. Туыстарымызбен де жақсы араласып тұрамыз", - дейді Айгүл Бекібаева.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!