Көпбалалы отбасылар қанша теңге жәрдемақы алады?

2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 846,5 мың отбасы қамтылды. Жалпы сомасы 501,8 млрд теңге төленген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. 2025 жылы мынадай:

  • 4 баласы бар отбасыларға - 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 балаға - 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 балаға - 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 балаға - 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға - әр балаға 4 АЕК немесе  15 728 теңге.

Наградталған аналарға жәрдемақы ай сайын мына мөлшерде төленеді:

  • "Күміс алқамен" наградталған аналарға - 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • "Алтын алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға - 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!