- Негізгі бет
- LifeStyle
- Көп күш жұмсамай...
Көп күш жұмсамай ас бөлмесін таза ұстаудың 6 әдісі
Ас бөлмесін әдемілік үшін емес, отбасы мүшелерінің денсаулығы үшін таза ұстау маңызды. Себебі ас бөлмесінде ластық, шаң және бактерия көп жиналады. Ас бөлмесін ретте ұстау үшін оны тазалауға күнде көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Ол үшін нақты ережелерді сақтау жеткілікті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ас бөлмесін тамақ пісіріп жүріп жинап тастаңыз
Көпшілік тамақ пісіріп жүріп сериал қарағанды немесе шай ішкенді жақсы көреді. Алайда жаңа әдет қалыптастырып көріңіз. Мысалы, сорпа қайнағанша немесе тамақтың еті піскенше ас бөлмесін жайлап жинай беріңіз. Мысалы, тоңазытқыш ішін реттеп шығыңыз және т.б.
Сирек қолданатын ыдыс-аяқты салып тастаңыз
Көрінетін жерде заттардың көп болуы ас бөлмесін шашылып тұрғандай көрсетеді. Оған қоса, ашық жерде тұрған заттар шаңды да көп жинайды. Сондықтан күнде қолданбайтын ыдыс-аяқты, асүй жабдықтарын есігі жабылатын шкафтарға салып қойған жөн. Мысалы, тостер, миксер немесе шырын сығатын құралды қаншалықты жиі қолданасыз? Егер аптасына 3 реттен аз қолдансаңыз, оларды шкафтардың ішінен орын тауып, салып қойыңыз.
Қажет емес заттардан арылыңыз
Қолданбайтын заттардан уақытында арылу маңызды. Сондай-ақ жырығы бар, сынған ыдысты, өтпейтін пышақты, ескі сүлгілерді, майы кетпейтін контейнерлерді тастаңыз. Жарамсыздық мерзімі өткен азық-түлікті де тастаңыз.
Артық декордан арылыңыз
Кей адамдар асүйге де түрлі декор алады. Алайда мұндай заттар шаң көп жинайды. Олардың шаңын сүрту үшін өзіңізге артық жұмыс тауып аласыз. Егер ас бөлмесінде ерекше детальдар болғанын қаласаңыз, дастарханды ауыстырып тұруға болады. Сондай-ақ күнделікті қолданатын ыдысыңызды маусымға қарай алмастырып отыруға болады. Мысалы, жазда гүлдері бар ыдыс-аяқ, ал қыста басқа түсті ыдыстар қолданыңыз.
Сапалы ыдыс алыңыз
Жеңілдікпен тұрған ыдысқа қызығып немесе түріне ғана қарап ала бермеген жөн. Құрал-жабдықтар мен техниканың сапалысын ғана алуға тырысыңыз. Олардың бір-бірімен визуалды түрде үйлесуіне мән беріңіз.
Тоңазытқышты жүйелі түрде тазартып тұрыңыз
Тоңазытқыштың ішін әлсін-әлсін реттеп алған дұрыс. Бұзылған тамақты тастаңыз, ұқсас өнімдерді бірге жинаңыз. Әкелген көкөністерді тоңазытқышқа жуып және тазалап салған жөн.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқышты бұзатын негізгі қателіктер
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова