- Негізгі бет
- LifeStyle
- Кондиционерден ауырып қалуыңыз...
Кондиционерден ауырып қалуыңыз мүмкін бе? Терапевт жауап берді
Кондиционерлер замануи өмірдің үйреншікті бөлігіне айналды. Айлайда адамдар арасында оған қатысты әртүрлі пікірлер тараған. Біреулер одан тұмауратып қаламын деп қорықса, басқалары одан басы ауыратынын айтады. Кондиционерден ауырып қалуыңыз мүмкін бе және оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақбота жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ыстықта кондиционерлер - жақсы көмекші. Кондиционерлер арқылы ыстық өтудің алдын алуға болады. Ыстық өту - адам өміріне қауіп төндіретін жағдай. Алдымен ол бас айналу, жүрек айну, бас ауыруы, қысымның түсуіне әкеледі. Асқынған жағдайда жүйке жүйесінің зақымдалуы, тепе-теңдіктің жоғалуы, галлюцинация және сананың бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай адамға медициналық көмек керек.
Ыстықта адамның жұмысқа қабілеттілігі төмендеп кетеді. Қолайлы ауа температурасы - 20-22 градус.
Кондиционерден тұмауратып қалуыңыз мүмкін бе?
Дәрігер кондиционер мен тұмаудың тікелей байланысы жоқ екенін айтты.
"ЖРВИ болуы үшін екі фактор сәйкес болуы керек: вирустың жұғуы және ағзаның әлсіз болуы. Тоңып қалсаңыз, иммунитетіңіз түсіп кетуі мүмкін. Осы кезде ауырып жүрген адамдармен бір бөлмеде отырсаңыз, сізге де вирустың жұғу қаупі жоғары болады. Ал кондиционер мен тұмаудың тікелей байланысы жоқ. Кондиционер болса да, бөлмені желдетіп тұруды ұмытпаңыздар", - дейді Сейтмағұлова Ақбота.
Кондиционер тері жағдайына әсер ете ме?
Жазда ғимарат ішіндегі ылғалдылық қолайлы болады. Себебі жылу жүйесі сөнеді. Бірақ кондиционерлер үздіксіз жұмыс істеп тұрса, ол ауаны құрғатып жібереді. Ауаның құрғақ болуы тері жағдайына жағымсыз әсер етеді. Ол әсіресе, дерматит, экзема секілді тері аурулары бар адамдарға зиян. Ауа құрғап кетпес үшін бөлмені жиі желдетіп тұруға және ауа ылғалдандырғыш қолдануға болады.
Кондиционерден бас ауыруы мүмкін бе?
"Төмен температура мойын бұлшықетінің құрысып қалуын ынталандыруы мүмкін. Кей адамдар оны бас ауыруына ұқсатады. Алайда тоңып қалмасаңыз, мұндай салдар болмауы керек. Сол үшін де кондиционер температурасын қолайлы етіп қою маңызды. Ал бас ауыруының жиі себебіне күйзеліс, ұйқының қанбауы, ұзақ уақыт көзге күш түсіру немесе дұрыс тамақтанбау жатады", - дейді терапевт.
Кондиционерден аллергия асқынуы мүмкін бе?
Кондиционердің сүзгісіне шаң, ластық, саңырауқұлақтар және бактериялар жиналады. Мұның барлығы аллергияның асқынуына әкеледі. Сондықтан кондиционердің сүзгісін уақытылы тазалап тұру және ауыстырып тұру керек.
Кондиционерден ауырып қалмас үшін не істеу керек?
Терапевт Сейтмағұлова Ақбота кондиционерден ауырып қалмауға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынды:
Кондиционердің астына отырмаңыз
Салқын ауа ағыны тікелей түсетін жерге отырмаңыз. Қалақшасын төбеге немесе еденге қаратып қоюға болатын кондиционерлерге мән беріңіз. Сол кезде салқын ауа біртіндеп төмен түсіп, бөлмені суытады.
Өте төмен температураға қоймаңыз
Ғимарат ішіндегі және даладағы температуралардың өзгерісі қатты болмауы керек: айырмашылық 6-8 градустан көп болмағаны жөн. Кондиционерді +23...24°C қойыңыз: бұл бөлме ішіндегі ауа жайлы болуы үшін жеткілікті.
Оның бар қуатын қоспаңыз
Егер ғимарат ішін жылдам салқындатып алғыңыз келсе, оның бар қуатын қосып, сыртқа шығып кетіңіз.
Ауа ылғалдылығын бақылаңыз
Кондиционер ауаны кептіреді. Ол мұрын қуысының шырышты қабықшасына зиян. Құрғап кеткен шырыштылар микробтарға қарсы әлсіз келеді. Бөлмедегі ылғалдылық деңгейін сақтауға ауа ылғалдандырғыштар көмектеседі.
Кондиционерді жүйелі түрде тазартыңыз
Кондиционердің сыртының шаңын сүрту жеткіліксіз. Оның сүзгілерін уақытылы тазартыңыз. Құрылғыда бактериялар саңырауқұлақтар жасырынуы мүмкін, олар суық ауа ағынымен бүкіл пәтер бойынша тарайды. Сондай-ақ кондиционердің ішіне аллергендер бөліктері жиналуы мүмкін. Сондықтан аллергияға бейім болсаңыз, кондиционер тазалығына аса мән беріңіз.
Таза және дұрыс режимге қойылған кондиционер - тұмаудың және аллергияның себебі бола алмайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова