Қазір қонақ шақырғанда аспазды үйге шақыру сәнге айналып келеді. Солардың бірі түрлі қуанышқа тапсырыс қабылдайтын аспаз Назгүл Бердіғараева. Эстрада әншілеріне жиі қызметін ұсынатын аспаз бұл саланың қызығы мен қиындығы туралы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Қазір ешкімнің уақыты жоқ"
Назгүл алғаш 5000 теңгеге тапсырыс алған.
"Негізі бұл кәсіпті бастау көптен бері ойымда жүр еді. Үйде өзіміз қонақ шақыратын болсақ, көмекке келіндерді немесе басқа туысқандарды шақырамыз. Олар риза болмаса да келуі мүмкін. Қазір ешкімнің уақыты жоқ. Ал олар қонақ шақырғанда өзің де баруға тиіссің. Мұның бәрі адамдарды шаршатады. "Әркім өз ісімен айналысуы керек қой" деп ойладым. Өзім бұрыннан тамақ пісіріп, үйде дастархан жасағанды ұнататынмын. Сөйтіп, осы саланы бастағым келді. Алғашында 7-8 жыл мейрамханада жұмыс істедім. Кейін өзім үйден алғашқы тапсырысымды қабылдадым. Әлі есімде, 2018 жылы құдалық тойға 5000 теңгеге екі салат пен қуырдақ жасап беруге шыққанмын. Сол кезде өзіме риза болдым. Себебі бұл баға дәл сол жылдары біздің бір күндік ақымыздың бағасы еді. Ал мен тапсырыс алған үйде тек 4-5 сағат қана жұмыс істеп, кетіп қаламын. Бұл өте тиімді еді. Сөйтіп, туысқандарым, одан кейін олардың таныстары шақырды. Біраздан соң әлеуметтік парақша ашып, жұмыстарымды сала бастадым. 4-5 айдан соң тапсырыстар көбейді. Жалғыз өзім үлгермейтін болған соң қасыма қыздар алдым. Қазір өзімнен бөлек 8 қыз бар. Қыздарды таңдағанда икемділігіне қарап таңдадым. Сонымен қатар, біздің мамандықта жылдамдық өте маңызды.
Бұл қызмет түріне қазір сұраныс көп. Тіпті қазір желтоқсанға алдын ала тапсырыс беріп жатыр. Былтыр желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жұмыс жүрмейтін болар деп ойладық. Өйткені халық та ол кезде көп той жасамайды ғой. Бірақ әркімнің ризық-несібесі бар ғой. Кәдімгідей көп сұраныс түсті. Ал ақпан айында мастер-класс жасап, біршама қаражат жинадық", - деді аспаз.
Оның айтуынша, бұл нағыз шығармашылықты қажет ететін жұмыс. Сол үшін көп ізденетінін айтты.
"Өзім Алматы технологиялық университетінде "Тағам өндірісінің технологиясы" мамандығын бітірдім. Бірақ теорияны оқыған бір бөлек, ал тәжірибеде бәрі басқаша. Сондықтан да, мастер-класстарға жиі қатысып тұрамын. Әсіресе, ресейліктерді көп оқимын. Аспаз адамның қиялы шексіз болғаны жөн. Аз нәрседен өте әдемі, тартымды дүние шығару керек. Бұл шығармашылықты қажет ететін жұмыс деп айтар едім. Сол үшін де үнемі ізденісте жүремін", - деді Назгүл.
"Алматыда аспаздардың ортасы жоқ"
Аспаз өздері қызмет еткен клиенттер әлі шақыратынын, тіпті әрбір қуанышында қызмет ететінін айтты.
"Сенесіз бе, кейбіреулердің баласын үйлендіріп, құдалығын жасап, шілдеханасын өткіздік. Енді тұсаукесер тойы болғалы жатыр. Сондай әулеттердің қуанышын бірге өткізгенімізге қуанамыз. Үлкендерден бата алып, алғыс алған ұнайды. Оның үстіне әртүрлі сфера адамдарымен танысамыз. Мұның бәрі басқаша әсер береді. Бірақ Алматыда аспаздардың ортасы, одағы жоқ. Бізде осы дамымаған. Мамырда қазақстандық аспаздардың форумы өтті. 250-ге жуық аспаз қатысты. Алматының өзінде 200-ге жуық аспаз бар екен, қалғандары Тараз, Қызылорда, Атырау, Шымкент, т.б. қалалардан келді. Әрбір адамнан үйренерің көп. Бір салаттын өзін бірнеше адам әртүрлі технологиямен дайындайды. Сол үшін де тәжірибе алмасуға сондай ортаның болғаны жақсы", - деді ол.
Назгүлдің айтуынша, олар клиентке ыңғайлы болу үшін барлығын есептеп, дайындап береді.
"Біздің қызмет - қонақтарға дастархан дайындау. Клиентке үш түрлі бағаны ұсынамыз. Соның ішінен өзіне ыңғайлысын таңдап алады. Біз бір адамға 2000-3500 теңге аралығында төленеді. Оның ішіне бауырсақ, нан тәтті, екі салат, ыстық тағам, т.б. осылай мәзір құрастырамыз. Сосын оны адам санына қарай есептейміз. Клиентке қайсысын қанша алу керегін жазамыз. Үйде қонақ күткен кезде көп тағам ысырап болып қалады ғой. Сол үшін біз нақты мөлшерін, санын айтамыз. Мысалы, 2 көк алма, 2 қызыл алма деген сияқты. Кейде клиенттер "мынау жете ме?" деп қатты уайымдап жатады.
Клиенттердің мінезі де, талабы да әртүрлі. Кейбіреуі көз алдымызда пісіргенін қалайды, ал кейбірі "бауырсақ сасытпай, өздерің дайындап әкелсеңіздер" деп өтініш білдіреді. Солардың өтінішіне сай дайындаймыз. Жалпы үйіне баратын болсақ, асүйді босатып беруді, тамақ пісіретін пешті сұраймыз. Тіпті, кейбірі "қонақ келгенше кетіп қалыңыздаршы" дейді. Дастарханды өзі дайындағандай еткісі келеді. Ал біреулері "танысымын, тегін келдім деп айтыңызшы, әйтпесе ренжиді" деген соң талап-тілегін барынша орындауға тырысамыз", - деді ол.
"Әншілердің үйіне барғанымды білмедім"
Назгүл бірнеше әншімен жұмыс істейтінін айтты. Тіпті, әр қуанышына шақырып, отбасылық аспазға айналған.
"Ел алдында жүрген танымал адамдармен араласуым қызық болды. Ең бірінші Камила деген блогердің менеджері қоныс тойға дастархан жасауға шақырды. Барғаннан кейін танысып, жақсы сөйлесіп кеттік. Әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Ол кісінің аудиториясы өте керемет. Әншілерден Абай Бегейге, Жұбаныш Жексенұлына, Ғазизхан Шекербекке, Әбдіжаппар Әлқожаға қызмет етеміз. Бұйырса Абай Бегейдің екінші ұлының тойын жасаймыз. Былтыр Жұбаныш ағаның баласын үйлендіріп едік. Жақында шілдеханасын жасайтынын айтты. Осылай әр қуанышында жүздесеміз", - деді ол.
Аспаздың айтуынша, алғашында әншілердің үйіне барғанда кімнің үйі екенін білмеген.
"Қызық болды ғой. Әбдіжаппар Әлқожаның әйелі хабарласты. Әншілердің әйелдерін өздері айтпаса, танымаймыз ғой. Телефон арқылы сөйлестік, ол кезде ештеңе айтпады. Үйіне барып, жұмысты бастап кеттік. Үлкен апа қасымызға келіп, әңгіме айтып отырды. "Гәп жасап жатырмыз, Әбдіжаппардың достарының мамалары ғой" деді. Сол кезде түсінгендей болып, қасымдағы қызға ымдадым. Себебі Әбдіжаппар деген есім көп кездесе бермейді ғой. Кейін барып білдік.
Жұбаныш Жексенұлында да сондай болған. Әйелі хабарласып, "мүлде уақытым жоқ, ақшалай жіберіп отырамын, барлық керек азық-түлікті өзіңіз алсаңыз" деді. Той болатын күн мен уақытын ғана айтты. Сөйтіп келістік. "Сіздерді алып кету керек пе?" деп хабарласқан соң, мен үйге шақырдым. Жаңбыр жауып тұрғанда келіп, бір кісі көмектесіп жүрді. Қасымдағы қыз "ана кісі Жұбаныш Жексенұлына ұқсайды екен" деді. Мән бермедім. Үйіне кірдік. Бір кезде үйдегі адамдар "Жұбаныш қайда, шайға шақыр" деп жатыр. Сол кезде барып, әншінің үйіне келгенімізді білдік", - деді ол.
"Айына 300-500 мың табамыз"
Аспаздың айтуынша, үй иесінің лебізі барлық шаршағанды басады.
"Біз негізі үйде болатын шағын 20-30 адам болатын қуаныш дастархандарынан бастап, 300-400 адамға дейін тапсырыс қабылдаймыз. Шаршайтынымыз рас. Бірақ үй иесінің рахметін естіген кезде барлығын ұмытып кетеміз. Бірақ "Етікші етікке жарымайды" деген рас. Үйге қонақ шақырғанда бәрі өзім дайындаймын. Көбіне жылдам дайындалатындарын қоюға тырысамын", - деді ол.
Назгүл аспаз болу үшін икем мен ниеттің маңызды екенін атап өтті.
"Жолдасым, екі ұлым бар. Осында тұрамыз. Негізі өте көп аспаздың дипломы жоқ. Бірақ олар жаман деген сөз емес. Икемі мен ниеті мықты болса, бұл саланы алып кетеді деп айтар едім. Қыздарым кемінде айына 300-500 мың табады", - деді аспаз.
Еске салайық, бұған дейін "Өзі шаштараз, өзі аспаз, өзі бағбан". Қаладағы банк қызметкері қалай ауылда бизнесвуменге айналғаны туралы жарияланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Көздің түсін өзгертуге бола ма?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз