Актриса Фариза Ескермес Taboo бағдарламасында басынан өткен қорқынышты жайт жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актриса өзіне таксист тиіскенін айтты.
"17-18 жаста болған кезімде қорқынышты жағдайға тап болдым. Әке-шешем тау жақта тұрады. Ол жаққа бару үшін алдымен трассаның бойымен, кейін бұрылып, тағы ұзын жолмен жүру керек. Ол жолда көп ешкім жүрмейді. Ағаштар көп, шағын өзеннің бойы. Таксист – жас жігіт. Түрі әлі есімде. Сол жігіт көлікті тоқтатты да, шешіне бастады. Мен шошып кеттім, алдымда пакеттер тұрған. Терезені ашып үлгердім де, "көмектесіңдер" деп айқайладым. Сол кезде алыстан адамдар көріп, қолшаммен жүгіріп келді. Сол кезде ол мені көліктен итеріп құлатып, солай құтқарылып қалдым. Менің әлі күнге дейін өкінетінім, камералардың бәрін ашып, сол адамды табуым керек еді. Мен қорқып қалдым. Мен шок алдым. Оны іздемек түгілі, үйден шыққым келмей қалды. Ол кезде бұл жайлы ата-анама да, құрбыларыма да айтпадым", – дейді Фариза Ескермес.
Актриса қыздарға өзінің қателігін қайталамауға шақырды.
"Менің түсінгенім, ер адамдар қыздарға агрессия көрсетсе, қыздар жабылып қалады екен. Ешкімге айтқысы келмей, өз проблемасын елге жайғысы келмей, өзінің ішінде ұстайды екен. Негізі айту керек. Мен сол жағдай үшін қатты өкінемін. Сол кезде ол адамды тауып, сотқа беруім керек еді. Бірақ 12 жыл өтіп кетті. Таксиді даладан ұстай салдым. Қыздар олай істемеңіздер. Тіпті такси шақырсаңыз да, оның сілтемесін ағаларыңа, әпкелеріңе немесе күйеулеріңізге жіберіп қойыңыздар", – дейді ол.
Актриса жайлы не белгілі?
Фариза Ескермес – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Актерлік шеберлік" мамандығын аяқтаған. Фариза Ескермес студент кезінен бастап қыздардан тұратын JayRun тобында ән айтты. Сондай-ақ ол "Бажа", "Алаяқтар", "Алтын тақ", "Дала қырандары" фильмдеріне түсті. Қазір "Жұлдызды жұп" шоуында Әли Оқаповпен бірге бақ сынап жатыр.
Фариза Ескермес 2024 жылдың тамыз айында Андрей есімді жігітке тұрмысқа шықты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!