Альфа ұрпағы – бұл көпшіліктің елестетуіндегідей жай ғана «планшеті бар оқушылар» емес. Бұл – отбасы талғамын қалыптастырып, автокөлік таңдауға қатысатын, косметикаға қызығушылық танытып, өзіне лайық брендті нақты білетін жаңа буын тұтынушылары, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2010 жылдан кейін дүниеге келген Альфа ұрпағы қазіргі тұтынушылық мінез-құлықтың алдыңғы шебіне шықты. Razorfish маркетинг агенттігінің жаңа зерттеуіне сәйкес, бұл жас топ сұлулық пен қаржыдан бастап автокөлік пен тағамға дейінгі негізгі салаларға елеулі әсер ете бастаған.
2024 жылдың қазан-қараша айларында жүргізілген зерттеуге 9-13 жас аралығындағы 2 300-ден астам бала қатысып, бұл Альфа ұрпағының мінез-құлқы мен себептерін түсінуге мүмкіндік берді.
Сұлулық
Альфалар арасында сұлулық индустриясына деген қызығушылық айқын трендке айналған. Зерттеуге сәйкес, жасөспірімдердің 75 пайызы әлеуметтік желілерде бьюти-контентке қызығушылық танытады, ал 38 пайызы өз контентін жасайды. Олар үшін сыртқы келбет – тек айнадағы бейне емес, сонымен қатар ойластырылған онлайн-образ, себебі олардың 36 пайызы ғаламтордағы бейне шынайы өмірдегіден маңызды деп санайды.
"Планшетпен бірге өскендей көрінсе де, Альфа ұрпағы бүгінде шынайы өмірге қайта бет бұру кезеңін бастан кешуде. Олар ақылды, талғампаз және жаңашылдықтан қорықпайды. Егер брендтер олардың назарын аударғысы келсе, өз стратегияларын шұғыл түрде өзгертуі керек", – дейді Razorfish президенті Дани Мариано.
Бірақ прогрессивті көзқарас пен стереотиптерді бұзуға дайын бола тұра, Альфа ұрпағының 80 пайызы сырт келбетін өзгерту үшін фильтр немесе ретуширлеу қосымшаларын қолданып көрген. Бұл олардың ерте жастан бастап цифрлық әлем мен сұлулық стандарттарының ықпалында екенін көрсетеді.
Соған қарамастан, Альфа ұрпағының бойында оң бағыт та бар – 63 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарынан дене пішіндерінің сан алуандығы мен инклюзияны көргісі келетінін айтады, бұл өз денесіне деген дұрыс көзқарастың қалыптасуын білдіреді.
Сән-салтанат
Альфа буыны люкстік өнімдерге қызығушылық танытса да, олардың таңдауы мәртебеден гөрі бірегейлік пен нақты тәжірибеге негізделеді. Зерттеу нәтижесінде 66 пайыз бала виртуалды баламадан гөрі өмірде қолдануға болатын затқа артық төлеуге дайын екенін білдірген. Бұл олардың цифрлық ортадан тыс, шынайы эмоциялар мен әсерлерге ерекше мән беретінін көрсетеді.
Сонымен қатар, балалардың 47 пайызы виртуалды сыйақылардан гөрі қолма-қол ақшаны алуды жөн көреді. Бұл олардың қаржыны түсіну деңгейінің жоғары екенін білдіреді. Сонымен қатар, олар дәстүрлі банктерге қарағанда PayPal, CashApp және Visa секілді икемді әрі жылдам қызмет көрсететін платформаларды таңдайды.
Стереотиптер және гендер
Бүгінде сұлулық саласы гендерлік шектеулерден алыстап келеді – өзін-өзі күту, денсаулық және өмір сапасы тек қыздарға емес, барлық жасөспірімдерге қатысты. Көптеген ұл балалар да тері күтімі мен косметика өнімдерін пайдалана бастады. Осы өзгерістер брендтерге өз коммуникациялық стратегияларын қайта қарауды міндеттейді.
Неліктен бұл маңызды
Көптеген Альфа өкілдері әлі өз бетімен табыс таппаса да, отбасылық шешімдерге белсенді қатысады. Зерттеу көрсеткендей, ата-аналардың 61 пайызы балаларымен бірге автокөлік таңдайды, ал 77 пайызы азық-түлік алуда олардың пікіріне сүйенеді. Бұл көрсеткіштер Альфа ұрпағын қазіргі таңда да тұтынушылық таңдауларға ықпал ететін маңызды буын ретінде сипаттайды.
Маркетинг стратегияларын жасаушылар бұл буынның қалауын ескеруі керек. Олар үшін ұсынылатын өнімдер дараланған, ерекше, қолжетімді әрі онлайн мен оффлайнды байланыстыратын болуы тиіс.
Айта кетейік, жақында жүргізілген зерттеу Z ұрпағының (1996–2010) ішімдік ішуден гөрі байсалды өмір салтын таңдауға бет бұрғанын көрсетті. 20–24 жас аралығындағы жастардың жартысына жуығы 75 жастан асқандарға қарағанда алкогольге аз ақша жұмсайды. Ал 18–25 жас аралығындағы жастар уақытын бар мен пабтарда емес, мейрамхана, кафе, кинотеатр және онлайн ойынмен өткізгенді жөн санайды.
Айтпақшы, 2025–2039 жылдары дүниеге келетін балалар жаңа Бета ұрпағының өкілдері болады. Олар 2010–2024 жылдар аралығында туған Альфа ұрпағын алмастырады. Бұған дейінгі буындар – 1996–2010 жылдар аралығында туған Z ұрпағы (зумерлер) және 1981–1996 жылдары туған Y ұрпағы (миллениалдар).
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет