- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Қол көтерді". Бақыт...
"Қол көтерді". Бақыт Шадаева бірнеше рет тұрмыста болуының себебін айтты
Әнші Бақыт Шадаева бірнеше рет тұрмыста болған. Оған Бақыт Шадаева кінәлі ме, әлде жолдастары кінәлі ма? Әнші бұл сұраққа "Менің өмірім" бағдарламасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші мұның бәрі өнерден басталғанын мойындады.
"Негізі мұның бәрі өнерден басталды. Білім алу үшін оқуға түстім. Тәлім-тәрбие алдым, маған көп нәрсені үйреткен ұстазым болды. Апайым - Люция Тулешова. Сол кісі мені өз қанатына алып, өзінің баласына қарағандай тәрбиеледі, үйіне алып кетіп оқытты. Сол кісінің қолында 7 жыл тұрдым. Тұрмысқа барып, қайтып келгеннің өзінде де ол қасына қайтып алды, сол кісінің қолында тұрдым. Ол менің өнерге деген талпынысымды, сезімімді көріп, қолдады.
Өнерге мен ерте келдім. Біздің заманда өте қатты сараптайтын және қатты сынайтын. Өнерге келудің өзі өте қиын еді. Біз оқуға түскенде 200-ден аса адам оқуға түсті, оның ішінде іріктеліп, 60 адам қалатын, одан кейін іріктеліп, 20-сы ғана қалатын. Біз солардың бірі едік. Біз білімге өте қатты көңіл бөлдік", - дейді әнші.
Әнші бірінші рет қалай күйеуге шыққанын айтып берді.
"Тұрмысқа 20 жасымда шықтым. Оқуды бітіріп, "Гүлдер" ансамбліне жолдама алдым. Маған жас маман ретінде жатақханадан бөлме берді. Болашақ күйеуіммен осы жатақханада таныстым. Ол өте интеллектуалды жігіт болатын. Екеуміз көп сөйлесетінбіз, дос болып кеттік. Бір күні алыстан оның анасы келеді, сол кезде баласының бір жас қызбен сөйлесіп жүргенін естіп, менімен кездескісі келген. Сөйтіп, бөлмесіне дастархан жайып, мені шақырған болатын. Анасы мені ұнатып қалды, екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Ол кісі ақылын беріп, кетіп бара жатып "балам оны бізге қонаққа алып кел" деді. Біз "жарайды, отпуск кезінде міндетті түрде барамыз" деп қалдық. Содан отпуск жақындаған кезде жаңағы досым "сені анам шақырды ғой, жүр кеттік" деді. Мен де жаспын, еріп бара бердім. Алтай еліне бардық. Оның қазақ емес екенін сол жаққа барған кезде білдім. Бізді оның туыстары күтіп алды. Анасы құшақтап, сүйіп, басыма орамал тақты. Болды, келген жерің осы деді. Сондықтан сол жерде қалдым. Мен тіпті әке-шешем білмейді деп жыладым.
Алайда олар өте жақсы кісілер болды, зиялы отбасы болды. Үйленіп, тойымызды жасап біткенше сол жерде бір айдай болдық. Сол жақтан ерлі-зайыпты болып қайттық. Бұл сәтте атым шығып, танымал әншілердің бірі болып жатқан кезім болатын. Гонорарым жақсы болды, жақсы ақша тауып бастадым. Сол кезде өзімнің тапқан ақшама той жасадық. Күйеуімнің жағдайы жоқ болатын. Кейін өнеріме де кедергі келе бастады. Күйеуің болғасын, талап көп. Ол жаққа барма, ана жаққа шықпа деген әңгімелер басталды. Өзі де өнерде жүрген адам. Өзі де шыққысы келді. Аздап бақталастық сәттер де болды. Күйеуімнің мені асырайтын жағдайы болған жоқ. Жатақханада айлап тамақ жемеген күндерім болды. Оның үстіне аяғым ауыр болып қалды. Одан кейін дүниеге қызымыздың келгеніне 5 ай болған кезде оны әскерге алып кетті. Ол 2 жыл әскерде болғанда кішкентай баламен қатты қиналып қалдым. Соның барлығы арамызда түсініспеушіліктердің пайда болуына әкелді. Осылай, ол әскерден келгеннен кейін ажырасып кеттік", - деп сырын айтты Бақыт Шадаева.
Ал екінші жолдасы қол көтеретін болғандықтан, онымен ажырасқанын айтты.
А. Жапатова"10 жылдан кейін мен екінші рет тұрмыс құруға бел будым. Білімді, өте жақсы жігітті кездестірдім. Ол заң саласында сот болып істейді. Ол да ажырасқан. Екінші жолдасым туысқандарымен бірге үйге құда түсіп келді. Алайда мен олардың қатты асыққандарына таңғалдым, себебі менің гастрольден келген кезім, екеуміз аса сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Анам менің өнер жолында жүргенімді, менің халықтың қызы екенімді, барлығын түсіндіріп айтты. Олар бәрін білетінін, түсінетінін жеткізді. Солай үйлендік, мен де қуандым. Әрбір әйел бақытты болуға лайықты. Біз балаларымыз болса да, отбасылы болғанды қалаймыз. Олардың көз алдарында да жанұялы, жанында қорғаушысы бар адам болып көрінгіміз келеді.
Тойдан кейін Қарағандыға барып тұрдық. Жолда кетіп бара жатқанда телефоныма тыным жоқ, адамдар хабарласып жатыр. Бір уақытта бір кісі қоңырау шалып қалды да, "Бақыт Шадаевасыз ба? Мен шынымен Бақыт Шадаеваның даусын естіп тұрмын ба? Мен сізді қатты жақсы көремін" деді. Қасымда жолдасым келе жатыр. Мен сасқанымнан рақмет айтып жатырмын. Сол сәтте ол қолымнан телефонымды жұлып алып, көліктің ішінде сындырып жіберді. Мен не болып қалды деп, ештеңе түсінбей қалдым. Оның қылығынан қорқып кеттім. Оның көзі аларып кеткен, "сені жақсы көрем деп жатса, сен оған мәзсің" деді. Осындай қызғанышынан мен бірнеше рет ауруханаға түстім. Үшінші рет қол көтеріп, басымды соққан кезде мен бұған шыдап тұра алмаймын дедім", - деді әнші.