- Негізгі бет
- LifeStyle
- Көктемгі ағза әлсіздігімен...
Көктемгі ағза әлсіздігімен қалай күресу керек?
Көктем келді және күн жылына бастады, бірақ бұл мезгілде көп адам энергия тапшылығын сезінуі мүмкін. Себебі ұзақ уақыт бойы күн сәулесі жетіспеді және былтыр жаз бойы жиналған дәрумендер қоры да таусылды. Соның салдарынан көпшілік көктемде әлсіздік пен шаршаңқылық сезеді. Оған қоса, әлсіз ағза түрлі вирустық ауруларға қарсы тұра алмайды. Сондықтан жиі ауыруыңыз мүмкін. Ендеше көктемдегі ағза әлсіздігімен қалай күресуге және энергия қорын қалай толтыруға болады?
Рационға жаңа піскен жемістер мен көкөністерді қосыңыз
Дүкен сөрелері қайтадан түрлі жемістер мен көкөністерге тола бастағанын байқаған боларсыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, С дәруменінің қорын толықтырыңыз. С дәруменіне бай жемістер мен жидектерді жеу иммунды жүйеге, сондай-ақ тері мен шаш жағдайына жақсы әсер етеді. Алайда әсіресе жергілікті жемістер мен көкөністер дәрумендерге бай екенін ұмытпаңыз.
Дәрумендер курсын қабылдаңыз
Дұрыс тамақтану арқылы дәрумендер жетіспеушілігінің алдын алуға болады. Алайда ауыр жағдайда дәрумендер курсын қабылдау керек. Алайда дәрумендік қоспаларды дәрігер кеңесінсіз қабылдау қауіпті екенін ұмытпаңыз. Дәрігер алдымен анализдер тапсыртып, қай дәрумен немесе минерал жетіспейтінін анықтап алады. Содан соң олардың орнын толықтыру үшін жасыңызға, салмағыңызға қарай қажетті дозасын жазып береді.
Көктемгі шаршаңқылықпен жақсы күресетін екі маңызды дәрумен – D және С дәрумені. С дәрумені мырышпен бірге иммунды жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді: С дәрумені шаршаңқылық пен әлсіздікті азайтуға, ал мырыш когнитивті функцияның қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
Иммунды жүйенің тиімді қызмет етуіне қажетті тағы бір дәрумен – D дәрумені. D3 дәрумені сүйектер мен тістер саулығын сақтайды және ағзаға кальцийдің сіңуіне көмектеседі.
Таза ауада көп уақыт өткізіңіз
Шуақты күндері D дәруменінің қорын толтыру үшін таза ауада жүрген дұрыс. Таза ауада жарты сағат спортпен айналысу миды қанмен қамтамасыз етуді жақсартуға және күйзелісті түсіруге көмектеседі. Сондай-ақ таза ауа ұйқы сапасын жақсартуға және иммунды жүйені қатайтуға ықпал етеді.
Физикалық белсенді болыңыз
Ауа райы нашар болса да, қозғалыс жайлы ұмытпаңыз. Физикалық белсенділік – міндетті түрде жүру немесе жүгіру емес. Ауа райы қолайсыз болса, жаттығу залына баруға немесе үйде жаттығулар жасауға болады. Қозғалыс бізге күйзеліспен күресуге жақсы көмектеседі. Бастысы, өзіңізге ұнайтын спортпен жүйелі түрде айналысыңыз.
Үзіліс жасап, жақындарыңызбен уақыт өткізіңіз
Кейде үзіліс жасап, денеңізге демалуға мүмкіндік берген дұрыс. Көктемгі шаршаңқылықтың басты себебі – дәрумендер жетіспеушілігі болғанымен, біздің психикалық саулығымыз да маңызды рөл атқарады. Соңғы кезде нашар жаңалықтардың көп болуы адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Осындай кездерде әлеуметтік желілерден демалып, жақындарыңызбен уақыт өткізген пайдалы.
Суды көбірек ішіңіз
Ағза сусызданса да, әлсіздік сезінесіз және басыңыз ауырады. Сондықтан аз-аздан, бірақ қайта-қайта су ішуді әдетке айналдырыңыз. Егер ұмытып кете беретін болсаңыз, су ішу керегін ескертіп отыратын қосымшалар жазып алыңыз. Сондай-ақ жұмыс үстеліне міндетті түрде суы бар ыдыс қойып қойыңыз.
Ұйқы режимін сақтаңыз
Адамның өмірінде ұйқының маңызы зор. Жеткілікті ұйықтамасаңыз, күні бойы шаршаңқы, әлсіз және алаңғасар, ашуланшақ болып жүресіз. Жұмысыңызды да дұрыс жасай алмайсыз. Ұйқы гигиенасын сақтаңыз. Сондай-ақ күнде бір уақытта жатып, бір уақытта оянуды әдетке айналдырыңыз.
Оқи отырыңыз: Өзіңді күйзелістен қорғаудың 10 жолы
А. Жапатова