Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев құзырлы органдар мен ата-аналарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты өзінің instagram-парақшасында қазір балалар мен жасөспірімдер арасында белең алып жатқан квадроберлер жайлы сөз қозғады.
"Құрметті ата-аналар, оқырман! Сіздерге айтатын маңызды ақпаратым бар. Квадробер деген терминді естіп жатқан шығарсыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төрт аяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Сондай-ақ тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық", - деп ескертті ол.
Депутат квадроберлердің әрекетін органдар мұқият зерттеу керегін, қажет жағдайда Парламент арнайы заң шығаруға да дайын екенін айтты.
"Президент үнемі айтатындай, тәртіп пен заң керек. Бізде мұндай квадроберлерге байланысты заң шығару керек те шығар. Себебі бұл аурудың, яғни дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз. Және де айтарым, дәл осы квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, араласыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі мұның артында үлкен бір күштер де тұруы мүмкін. Балаларыңыздың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе, бірақ, өкінішке қарай, сондай болып жатыр. Мен сіздерге ескерту ретінде айтып отырмын. Сондықтан да барлығымыз бірге әрекет етейік. Мұның артында үлкен индустрия тұр. Елдер сол жануарға еліктеп, киімін алады, құйрық жалғап алады, одан кейін, тіпті соның тамағын да жейді екен. Бұл қоғам дерті. Ол қоғамға қауіпті", - дейді Дәулет Мұқаев видеода.
Еске салайық, Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа балалар мен жасөспірімдер арасында квадробинг деп аталатын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберді.
Бас прокурорға квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеру, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізу мүмкіндігін зерттеу, сондай-ақ жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
"Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға және қоғамымызды осындай қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз", - делінген Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде.
Өзбекстанда ІІМ квадроберлердің ата-аналарына айыппұл салатынын мәлімдеді.
Министрлік балалар арасында квадробика деп аталатын субмәдениеттің көрінісі ата-аналардың өз міндеттерін орындамауы ретінде қарастырылатынын ескертті.
"Әкімшілік жауапкершілік туралы Кодекске сәйкес, бұл үшін бес базалық есептік шамаға дейін - 1,875 миллион сомаға дейін айыппұл қарастырылған", - делінген хабарламада.
Квадробика (латынша quattuor - төрт және ағылшынша aerobics - аэробика) - адамдар жануарлардың қозғалысын қайталап, төрт аяқтап жүретін спорттың ресми емес түрі. Адамдар квадробика кезінде жануарлардың маскасы мен құйрығын пайдаланады. Осылайша, олар мысық, түлкі, қасқыр сияқты киінеді. Бір жағынан бұл қиын акробатика, ал бір жағынан - бұл біртүрлі әуестік кейде шектен шығып, ақылға қонымсыз әрекетке айналады.
Квадробикаға қандай балалар бейім келеді? Бұл жағдайда ата-ана не істей алады? Қазақстандық психологтың кеңесін ұсынамыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!