Кіндік айналасының ауыруы әдетте қауіпті емес және ол бірнеше сағатта өздігінен кетеді. Бұл кезде асқорыту органдарына демалуға уақыт беру қажет. Бірақ хал-жағдайыңызды бақылау маңызды. Егер оның ауырғаны кетпесе және күшейіп жатса, жедел жәрдем шақыру керек. Ал оның жиі ауыруы қандай аурлардың белгісі болуы мүмкін?
Көп жағдайда дәрігер іштің қалай ауыратынына және қосымша белгілерге қарап оның себебін болжайды. Диагнозды растау үшін қан анализін тапсыртады, УДЗ, эндоскопиялық зерттеу немесе компьютерлік томографияға жібереді.
Кіндік тұсы не үшін ауыруы мүмкін?
Кіндік тұсы кейде артық тамақтанғанда, спортпен қарқынды айналысқанда және жүктілік кезінде ауырады. Әдетте, бұл қауіпті емес: ауыру мен ауырлық сезімі адам үйреншікті өмір ырғағына оралғанда өздігінен кетеді.
Алайда кіндік тұсы жиі ауырса, ол мынадай аурулардың белгісі болуы мүмкін:
Тітіркенген ішек синдромы
Тітіркенген ішек синдромы – іш ауыруы мен нәжіс массасы қозғалуының бұзылысынан тұратын белгілер тобы. Бұл синдром кезінде кіндік тұсы сыздап ауырады және аздап бүруі мүмкін, сондай-ақ тамақтанған соң немесе күйзеліс кезінде күшейеді. Сонымен қатар ішіңіз тысырайып тұрғандай сезім болуы және іш өту немесе іш қату мазалауы мүмкін.
Панкреатит
Бұл ұйқы безінің қабынуы. Қалыпты жағдайда ол асқорытуға көмектесетін ферменттерден тұратын асқазан сөлін бөледі. Ал панкреатит кезінде асқазан сөлінің безден қайтуы бұзылады, ферменттер ішекке түсе алмайды және ұйқы безін зақымдайды. Панкреатит кезінде кіндік тұсы қатты ауырады және ол сол жақ қабырға астына берілуі мүмкін.
Тағамнан улану
Тамақтан улану – ағзаға тамақпен немесе сумен зиянды микроағзалардың түсуі. Бұл кезде кіндік тұсы тесіп ауырады. Әдетте, ол бұзылған өнімді жегеннен кейін 5-6 сағаттан соң басталады.
Созылмалы энтерит
Созылмалы энтерит – аш ішектің қабынуы. Ол жиі асқзан-ішек жолы органдарына бактериалдық жұқпа түскеннен кейін пайда болады. Бірақ сондай-ақ алкогольді шамадан тыс көп ішу және өте ащы тамақтарды көп жеу де созылмалы энтеритке әкелуі мүмкін. Бұл кезде іштің ортасы сыздап ауырады, бірақ үлкен дәретке барғаннан кейін және газдар шыққан соң ауырсыну кетеді.
Аш ішектің жаралы ауруы
Аш ішектің жаралы ауруы кезінде сол жақ қабырға асты күйіп ауырады. Содан соң бұл ауырсыну кейде бүкіл ішке және әдетте, кіндік тұсына беріледі. Ол тамақ ішкеннен кейін және қыжылды кетіретін дәрі ішкен соң кетеді. Бірақ бұл ауруды емдемейді, сондықтан дірігерге қаралу керек.
Кіндік жарығы
Кіндік жарығы жиі жаңа туған сәбилерде пайда болады, бірақ ересектерде де кездеседі. Сәбилерде жарық кіндік бекітілген жер бұлшықет қабатымен созылып үлгермесе пайда болады, ал ересектерде артық күш түскеннен, мысалы, үнемі іш қатқаннан, артық салмақтан немесе бала көтергеннен болады. Кіндік жарығы әдетте ауырмайды, оны кіндік үстінің томпайып тұрғанынан байқауға болады. Алайда ол үлкейе бастаса, кіндік тұсы ауырып бастайды.
Дивертикулит
Бұл кезде ішектер қабырғасына кішкентай төмпешіктер пайда болып, қабынады. Бұл төмпешіктердің іші қуыс болып келеді, ол жерге бактериялар дамуы мүмкін. Оның не үшін пайда болатыны әлі анықталмаған. Дивертикулит кезінде адамның ішінің ортасы ауырады және қан аралас болып іші өтуі мүмкін.
Ішектік бітеліс
Іш кебуімен қатар жүретін кіндік тұсының ауыруы ішектік бітеліс белгісі болуы мүмкін. Іштің кебуі мен газ шығара алмау – осы ішектік бітеліске тән сипаттама.
Соқырішек
Соқырішекке тән белгілерге жоғары температура мен қатты ауыру жатады. Бұл кезде оң жақ қабырға асты, кіндік тұсы немесе бүкіл іш ауыруы мүмкін. Жөтелгенде және жүргенде одан сайын ауырады. Соқырішек кезінде ауырсыну біресе кетіп, біресе пайда болады. Бірақ қабыну артқан сайын оның ауыруы тоқтамайды.
Іш зақымы
Іш зақымы – өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін зақым. Мұндай зақымдар ашық және жабық болуы мүмкін. Қай органның зақымдалуына қарай оның ауыратын жері де әртүрлі болады. Мысалы, ішек зақымдалса, іштің ортасы ауыруы мүмкін.
Онкологиялық аурулар
Аш және тоқ ішектегі жаңа түзілім бастапқы кезеңде белгісіз дамиды. Қатерлі ісік үлкейген сайын кіндік тұсында немесе одан сол жаққа қарай ауырсынулар пайда болуы мүмкін.
Ескерту: өздігінен емделу қауіпті. Қандай да бір жағымсыз белгілер байқасаңыз, дәрігерге көріну керек.
Оқи отырыңыз: Онколог тоқ ішектің қатерлі ісігінің алғашқы белгілерін атады