• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Кім ерте, кім кеш: қазақстандық жастар қанша жасында шаңырақ көтереді?

Кім ерте, кім кеш: қазақстандық жастар қанша жасында шаңырақ көтереді?
Фото: depositphotos.com

Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы ел азаматтарының неше жасында отбасын құрып жатқаны жайлы статистика ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ел жастары неше жаста үйленгенді құп көреді?

Статистикаға сенсек, еліміздегі қыз-жігіттер 30-ға жақындағанда бір-ақ отбасын құрып жатыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда қазақстандық жігіттер 25-29 жас аралығында ең көп некелескен. 

"2022 жылы - 41 207 жігіт, 2023 жылы - 36 882 жігіт отбасын құрған. Оның ішінде 2022 жылы - 38 038 жігіт, 2023 жылы - 33 824 жігіт алғаш рет некеге тұрған. Ал 2022-де 39, 2023 жылы - 41 ер адам әйелінен айырылып, екінші рет некелескен. 2022 жылы - 3095, 2023 жылы - 2982 ер адам ажырасып, қайта үйленген", - делінген деректе. 

Еліміздегі қыздардың ең көп тұрмыс құратын орташа жасы 20-24 жас. Бұған Ұлттық статистикалық бюро ұсынған дерек дәлел. "Отырған қыз орнын табады" деген мақалға сүйенетін қыздар да аз емес. 

"Соңғы үш жылда жалпы алғанда 20-24 жас аралығындағы 97 774 қыз тұрмыс құрған. Оның ішінде 94 439-ы алғаш рет қалыңдық атанғандар. Ал 72-сі жесір қалып, қайта некелескендер. Сондай-ақ 3171 әйел ажырасып, қайта өз бақытын тапқандар", - деген сандар көрсетілген деректе. 

Қай аймақтың жастары үйленуге асықпайды?

2023 жылғы статистикамен есептесек, елімізде бірінші некеге тұрған жігіттердің орташа жасы - 27,8 құрайды. Ең кеш үйленетін жігіттер Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. 

"2023 жылғы дерекке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының жігіттері орташа алғанда 29,1 жасында шаңырақ көтереді. Одан кейін, Шығыс Қазақстан - 29,0, Алматы қаласы - 28,8 жас шамасымен көшті жалғайды. Өзге аймақтармен салыстырғанда Маңғыстау облысының жігіттері ерте үйленетін жастар қатарына жатады (Маңғыстау - 26,1 орташа жас)", - делінген деректе. 

Ал қыздардың орташа жасы бұдан да ерте. 2023 жылғы дерекпен алсақ, қазақстандық арулардың тұрмыс құратын орташа жасы - 25,2 құрайды.

"Солтүстік Қазақстан облысының қыздары орташа алғанда - 26,6 жасында отбасын құрады. Одан кейін тізімді Павлодар - 26,5, Шығыс Қазақстан облыстары - 26,4 жаста. Ал Түркістан облысының қыздары (орташа жас - 22,9) ерте тұрмыс құратындарға жататыны белгілі болды", - делінген ақпаратта. 

Ұлттық статистикалық агенттік 2024 жылға жылдық ақпарат жұмыс жоспарына сәйкес 12 наурызда қалыптастырылып, жарияланатынын хабарлады. Massaget.kz порталы дайындаған қызық деректерді алғашқы болып біліп отыру үшін, жаңалықтарды жиі шолып отырыңыз. 

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура еліміздің қай өңірлерінде қылмыс ең көп жасалатыны жайлы статистика ұсынған болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Литпин
Logotype Massaget