Қазіргі таңда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі аурушаңдық бойынша бірінші орында тұр. Жыл сайын науқас әйелдердің саны артып келеді. Статистика бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 218 213 онкологиялық науқас динамикалық бақылауда болған. Қоғам дертіне айналған сүт безі қатерлі ісігімен ауырып, бұл дерттен айыққан Лариса Карибаевамен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Химиотерапияны ауырсындым"
Кейіпкерімізде бұл дерттің алғашқы белгілері анық байқалмаған.
"2014 жылы 48 жасымда Жаңа жылда қолым омырауыма тиіп кетті де, бір түйін пайда болғанын байқадым. Бірақ бас ауру, жүрек айну секілді басқа белгілер білінбеді. Ол кезде Қызылордада тұратынмын. Сөйтіп, дәрігерге көріндім. Анализдер тапсырдым. Нәтижесі бойынша, маған "сүт безі қатерлі ісігі" деген диагноз қойды. Маған отаға немесе химиотерапияға дайындалу керек екенін айтты. Алайда мен "Алматыға барып, онкология институтына көрінуім керек" деп кетіп қалдым", - деді ол.
Диагнозын естіген бойда Лариса Карибаева Алматыдан ота жасатуға шешім қабылдайды.
"Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына келгенде маммология бөлімінің меңгерушісі Алия ханыммен танысамын. Өте білімді кісі екен. Бірден отаны осы жерде жасатқым келетінін айтып, ақылы бөлімге орналастым. "Сізде ІІ стадия, бәрі жайылып кетпеген, біз тек бір бөлігін ғана аламыз, омыраудың пішінін толықтай сақтаймыз" деді дәрігер. Бұл жаңалыққа қуандым, себебі толықтай алып тастау өте қауіпті ғой. Сөйтіп, бірінші отаны ақылы түрде оң жақ омырауыма жасаттым. Отадан кейін осы институттан химиотерапия алып жүрдім. Маған негізі 6 химиотерапия тағайындаған еді. Алайда мен шыдамай тек төртеуін алдым да, кетіп қалдым. Өйткені қатты ауырсындым, басым айналып, құлап қала беретінмін", - деді ол.
"Екі жылдан соң екінші жағымда түйін пайда болды"
Химиотерапияны толық аяқтамағанның әсерінен кейіпкеріміз екі жылдан соң сол жақ омырауынан қатерлі ісікке ұқсас белгілерді байқайды.
"Екі жылдан соң 2017 жылы сол жақ омырауымда түйін пайда болғанын байқадым. Алайда дәрігерге барғым келмеді. Тәуіпке бардым, халық емінің неше түрін іштім, түйін кетпеді. Сөйтіп, 2020 жылы қайтадан емделуге Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына келдім. Жағдайымды көрді де, "химиотерапия алу керек, себебі ісік жан-жаққа жайылған, соны жинақтау қажет" деді. Отаға дейін екі жақ омырауымнан да 6 химиотерапия алдым. Сосын квотамен ота жасады. Отадан кейін 8 химиотерапия, бір жыл бойы сәулелі және таргеттік терапия аламын. Cөйтіп толық емімнің барлығын 2021 жылы сәуірде аяқтадым. Нәтижесінде бәрі таза шықты. Бұл дерттен құлан-таза айықтым, Аллаға шүкір", - деді ол.
Оның айтуынша, ісікке күмән болса, бірден дәрігерге көріну керек.
"Негізі жоғары білімді маманмын. Көзім ашық, сауатты тұлғамын ғой. Алайда екінші рет қатерлі ісік бойымда байқалғанда бірден дәрігерге көрінбей, жүріп қалдым. Ел арасында айтылған мифтерге сендім. Жалпы ауырған кезде уақытты босқа созбау керек. Егер түйін болса, дәрігерге көрінген жөн. Олардың айтқанын істеу керек", - деді ол.
Ауру неден пайда болады?
Лариса Карибаева ауруға әсер ететін факторлардың көп екенін атап өтті.
"Дәрігерлер белгілі бір себептен деп ешқашан нақты айта алмайды. Менің жағдайымда, біріншіден, экология әсер етуі мүмкін. Қызылордада туып-өстім, сол жақта 55 жыл тұрдым. Екіншіден, біздің тамақтануымыз дұрыс емес. Қалай тамақтануды білмейміз. Майлы етті көп жейміз. Қазір нутрицологтар да кейбір тамақтарды бір-біріне қосып жеуге болмайтынын айтып жатыр. Аскөк, пайдалы көкөністерді аз пайдаланамыз. Ет асқанымызбен, ыстық тамақ дайындағанымызбен қасына салат қоюымыз екіталай, көп қолданбаймыз. Тамақтанған соң да, жалпы жаяу жүру қанымызға сіңбеген. Автобус, одан қалса көлігіміз бар. Бұрын бір үйге бір көлік еді, қазір адам басына көлік бар. Үшіншіден, күйзеліс себеп болуы мүмкін. Осы дерт анықталғанда жеке өмірімде де, жұмыста да қиын жағдайлар болып, күйзелісте жүрдім. Басшылық қызметте болып, көп адам басқарған соң күйзеліс міндетті түрде болады. Тағы бір айтатын нәрсе - біз дұрыс демалуды білмеймін. Адам өкпемен және ішпен демалу керек. Біз тек бержағынан ғана тез-тез демалып, оттегіні кері шығармаймыз. Оттегі барлық органға жетіспегендіктен түрлі аурулар пайда болады", - деді ол.
Кейіпкеріміз қазір денсаулығына аса ұқыптылықпен, күтіммен қарайтынын айтты.
"Бұл ауру кейде тұқымқуалауы да мүмкін. Нақты себебі жоқ. Қазір йогаға барамын. Далада көп жүремін. Тыныс алуымды дұрыстадым. Аскөкті жақсы көрем деп айта алмаймын, алайда көп жеу тырысамын. Сондай-ақ, ет, майлы тағамдарды аз жеуді әдетке айналдырып келемін. Негізі мұндай ауруға шалдыққан адамдар артық салмақ қоспауға тырысу керек. Рак клеткалары майлы теріде көп болады. Маған кезінде дәрігер "салмақ қоспа, арықта" деп айтқан еді. Сол уақыттары шамалы толықтау болғандықтан омырауымда бұлшық ет аз болды, керісінше май көп болатын. Сондықтан, тамақты аз ішуге шешімге қабылдадым", - деді ол.
"Өмірге ұмтылысы болуы керек"
Оның айтуынша, бұл дерттің алдын алу үшін емізуді дұрыс қолға алу керек.
"Көбісі мұндай дерт "баланы көп емізгеннен болады" деп жатады ғой. Керісінше, баланы аз емізгеннен деп айтар едім. Аз емізген кезде омыраудағы қалған сүт қатып қалады да, біз өзімізді аяп, оны сыртқа шығармаймыз. Содан мастопатия пайда болады. Мысалы, менде мастопатия болды. Сол үшін баланы көп әрі бірдей екі жақтан емізу керек деп ойлаймын", - деді ол.
Сондай-ақ, әрдайым жақсы ой ойлап, дұрыс көңіл-күйде жүру керек екенін айтты.
"Ең бастысы бұл ауруға берілмеу керек. Өз-өзін тастамай, өмірге деген ұмтылысын күшейткен дұрыс. Көп ауру психосоматикадан болады. Егер адам өзін тастап жіберсе, ауру адамды бірден жеп қояды. Бала-шағасы болса, соны ойлау керек. Өмірге құлшынысын арттыратын нәрсемен айналысқан жөн. Мысалы, маған жұмысым еңсемді тіктеуге, ойымда бөлуге көп көмектесті. Химиотерапия алып жүріп, жұмысқа баратынмын. Сосын әркез жылаңқы, сюжеті бақытсыз кино көрмеген жөн. Оның орнына позитивті ой ойлап, жақсы көңіл-күйде жүру көп көмектеседі", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз