2025 жылғы 14 сәуірде Blue Origin компаниясының New Shepard зымыраны Техас штатындағы Launch Site One алаңынан ұшып, ғарышқа жеті әйелден тұратын экипажды алып шықты. Бұл миссия — 1963 жылы Валентина Терешкованың жалғыз ұшқанынан кейінгі алғашқы толық әйелдер құрамындағы ғарыш сапары болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безосқа тиесілі New Shepard зымыраны Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшып, алты әйелден тұратын экипажды ғарышқа шығарды. Олардың қатарында миллиардердің қалыңдығы Лорен Санчес, CBS арнасының жүргізушісі Гейл Кинг, NASA-ның бұрынғы инженері Аиша Боу, азаматтық құқықтар үшін күресуші белсенді Аманда Нгуен, кинопродюсер Керианн Флинн және поп-әнші Кэти Перри бар.
Ұшар алдында әйелдер Elle журналы үшін фотосессия жасап, басылым бұл сапарды әзілмен "алғаш рет адамдар макияжбен ғарышқа ұшты" деп сипаттады.
Автоматтандырылған ғарыш кемесі Жер бетінен шамамен 100 км биіктіктегі ғарыш шекарасы саналатын Карман сызығына дейін көтерілді. Кейін капсула зымыраннан бөлініп, парашют пен тежеуіш қозғалтқыштардың көмегімен сәтті қонды. Ұшу шамамен 11 минутқа созылып, жолаушылар салмақсыздық күйін сезіне алды.
Қонған соң Кэти Перри мен Гейл Кинг тізерлеп жерді сүйді. Гейл Кинг үшін бұл сапардағы ең әсерлі сәт — Кэти Перридің Луи Армстронгтың What a Wonderful World әнін шырқаған сәті болғанын айтты.
Ал Безос қалыңдығын капсула жанында өзі күтіп алды. NS-31 миссиясы — New Shepard зымыранының адам тасымалдаған 11-ші рейсі. Жалпы осы бағдармен ғарышқа 52 адам ұшқан. Алайда билет құны жария етілмейді.
Айта кету керек, соңғы "әйелдер ұшуы" 60 жылдан астам бұрын жүзеге асқан еді — ол кезде кеңестік ғарышкер Валентина Терешкова "Восток-6" кемесімен ғарышқа жалғыз өзі ұшқан болатын. БАҚ өкілдері бұл сапарды Безостың ғарыш туризміндегі бәсекеге назар аударту амалы деп санайды. Қазіргі таңда оның компаниясы Илон Масктың SpaceX жобасынан кейінгі екінші орында тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет