Эндокринолог Виктория Садовская кешкі асқа қандай тағамдар пайдалы екенін айтты. Дәрігер кешкі ас мәзірінде не болуы керегін lenta.ru басылымына берген сұхбатында түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кешкі ас мәзірінің негізін көкөністер, көк шөптер, тұтас дәнді өнімдер, мәселен, ботқа мен кебек ұнынан пісірілген нан құрауы керек. Сондай-ақ, бұршақ тұқымдастар, жаңғақ, балық немесе құс еті мен өсімдік майларын тұтынған жөн. Ал қызыл етті, фастфуд, чипсы, шұжық секілді қатты өңделген өнімдерді, қант пен тазартылған ұннан жасалған тағамдарды барынша шектеу қажет", - деді дәрігер.
Маман Гарвард тәрелкесі қағидасын ұстануға кеңес берді. Ол үшін тәрелкені ойша төрт бөлікке бөлу керек. Оның жартысын көкөніс, жеміс-жидек пен көк шөптер, төрттен бірін өсімдік немесе жануар тектес ақуыздар, мәселен, үрме бұршақ, жасымық не күркетауық еті, ал қалған төрттен бірін баяу қорытылатын көмірсулар құрауға тиіс.
Сонымен қатар, дәрігер кешкі астың құнарлығына да мән беру керегін атап өтті. Ол адамды тойдыруы керек, бірақ асқазанда ауырлық сезімін тудырмауға тиіс.
Маманның айтуынша, кешкі ас таңғы және түскі асқа қарағанда жеңіл әрі көлемі аз болғаны дұрыс. Ересек адамдардың көпшілігі үшін кешкі ас тәулік қуат мөлшерінің шамамен үштен бірін құрағаны тиімді.
Дәрігер кешкі уақытта шамадан тыс тамақтану семіздік пен зат алмасу жүйесінің бұзылу қаупін арттыратынын ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз