"Керей, Жәнібек хандармен өштескен Әбілқайыр хан өзбек пе, қазақ па?" Тарихшы жауап берді

"Керей, Жәнібек хандармен өштескен Әбілқайыр хан өзбек пе, қазақ па?" Тарихшы жауап берді
Фото: көрнекі сурет assembly.kz

Өзбек ғалымдары атышулы Әбілқайыр хан қазақ екенін айтады, ал қазақ тарихы оны "көшпелі өзбек ханы" ретінде оқытып келеді. Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Әбілқайыр ханның кім екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жошы ұлысының өмірі қызық... "Сибан" (Шибан) Жошының кіші ұлы болған. Сол заманда Жошының балалары ерегесіп, олар бірнеше ұлысқа тарап кетті. Жошының ұрпақтары Қазан хандығы, Сібір хандығы және Қазақ хандығы секілді ұлыстардың негізін қалады. Ең қызығы, ескі концепция бойынша (көшпелі өзбектер ханы - еск.) Әбілқайыр хан қазаққа жау ретінде жазылған. Шын мәнінде, тұлғаны зерттеген кезде оның ешқандай жау еместігіне көзіміз жетеді. Оның туған жері - Атырау, хан болып тұрған жері - Сібір аймағы. Қазақтың солтүстік аймағының біраз бөлігі Сібір хандығына кірген. Оның үстіне қазақтың орта және кіші жүздің бірнеше тайпасы сол хандықтың құрамында болған. Әбілқайырдың Жәнібекпен, Кереймен кикілжіңі 1400 жылдары Сығанақ аумағына келгенде басталды. Жалпы Әбілқайыр ханның туған жері де, жерленген жері де Қазақстан. Ескі советтік түсінік бойынша оны өзбек деп атайтынбыз. Ал ең қызығы, өзбек ғалымдары оны қазақ дейді. Оны Дешті-қыпшақтан шыққан деп есептейді", - дейді тарихшы.

Тарихшының сөзінше, өзбек ғалымдары Әмір Темір әулетіне көңіл бөледі, олар тіпті "Шибан" ұрпақтарын қарақшы қылып көрсеткен. Сол себепті "Шибан" тарихы - қазақ тарихы үшін ажырамас мұра.

Massaget.kz

Айта кетейік, бүгін Астанада Жошы ұлысының 800 жылдығына орай "Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар (Шейбандар, Шайбақтар) әулеті (Ібір-сібір, Дешті-қыпшақ, Мәуереннахр аймақтарында)" халықаралық зерттеу тобының ұжымдық монографиясының салтанатты тұсаукесері өтті.

Жасұлан Ордабаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz