Кенесары ханның шөпшегі Мәлік Әбдіраман еліміздің бүгінгі туралы не ойлайды? Хан Кененің ұрпақтары бүгінде қайда және кімдер? Бабамыздың басы елге қашан қайтады? Мәлік Әбдіраман қандай қасиеттерге ие? Massaget.kz тілшісі әйгілі ханның ұрпағымен сұхбаттасты.
- Кенесары ұрпақтары аз қалды деп естіп жатамыз. Ол заманда қыспаққа ұшыраған аталарыңыз өз ұрпағын қалай сақтап қалды?
"Құдай берген үш қыз, бір ұлым бар. Қазіргі тірлігім - киноға түсу және жеке өнер мектебім бар.
Менің әкемнің аты Ақын, ал атамның аты Әбдіраман оның әкесінің аты Жаппар, оның әкесі Кенесары хан. Хан Кененің әкесінің аты Қасым, ал оның әкесі Әбілмансұр (Абылай хан). Яғни шежіре бойынша: Ақын-Әбдіраман-Жаппар – Кенесары – Әбілмансұр – Көркем Уәли – Қан Абылай. Сегізінші атамызды Қан Абылай емес жұрт Қанішер Абылай деп те атаған. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Төреарық ауылында тұрамыз. Ауылда төрелер, төлеңгіттер және қожа рулары да бар. Төре руы да өз ішінен бөлінеді. Мәселен, мен Кенесары төре болсам, нағашыларым қазы төрелер және ауылымызда шойын төрелер де бар.
Біздің түбіміз - Көкшетау өңірі. Кенесары хан қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтарына орыстар күн көрсетпейді. Соның салдарынан ең үлкен ұлы Жаппар түрмеге қамалады. Жаппардың қасында Бекет батыр болады. Екеуінің түрмеден қашып шығуына Бекет батырдың әйелі көмектеседі. Бекет батырдың әйелі еркек болып киініп, сол жердегі күзетпен келісіп отырып, Жаппар мен Бекетті қамаудан алып шығады. Кейін Жаппар мен Бекет екеуі жолымыз бөлек деп екі жаққа кетеді.
Жалпы, Кенесарының 8 ұлы болған, сол сегіз ұлының тек біреуінің ұрпағы жоқ. Жаппар бабам інісі оңтүстік жаққа Сыздық сұлтанға барады. Ол кезде Сыздық батыр Қоқан хандығымен бірлесіп, Ресей басқыншыларына қарсы күресіп жатқан еді. Жаппар атам Әбдіраман мен оның інісі Үсенді алып келе жатады. Алайда жол ортада Ақтөбе төңірегінде Үсен қайтыс болады. Біз осылайша Ордабасы өңіріне келдік. Қазіргі таңда Төреарық ауылында Кенесарының екі ұрпағы өмір сүріп жатыр".
- Елімізде Хан Кененің бас сүйегін қайтару туралы ұсыныстар жиі айтылып, үкімет деңгейінде қозғалды. Бұған көзқарасыңыз қандай? Әулет болып атсалысып жүрсіздер ме?
"Жалпы, Кенесарының ұрпақтары аз. Шүкір, бүгінгі таңда әулет - бес ағайын. Кенесары бабамның басын жер анаға тапсыруымыз керек. Алла тағаланың жаратқан қасиетті жер анасы бар. Бабамның басын сонда тапсырмай ешқандай құдірет болмайды. Кенесарының бас сүйегі кімде болса да, ол оны қорғайды. Яғни келген оқтарды қағып тастап отыр. Бәлкім, елімізге келіп қойған ба деп жорамалдаймын.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында кеңес мамандары Ақсақ Темірдің бейітін қазып алды. Оларға қазбаңдар соғыс болады деп ескертілді, бірақ тыңдамады. Немістер Мәскеуге жетуіне 100 шақырым қалған еді, кейіннен мәйітті қайта орнынан қойды, соғыс та тоқтады. Сол сияқты... Егер бабамның басы жерге тапсырылса, біздің ұрпақтарымыз бір құнды дүние ойлап табады. Бұған мен кәміл сенемін. Ол көрші елдерімізге сес көрсете алатындай дүние болуы мүмкін".
- Түптеп келгенде Шыңғыс ханның ұрпағысыз... Текті бабаңыздан қалған ерекше қасиеттеріңіз бар ма?
"Шыңғыс ханның сол жақ жауырынын да қал (еск – кейбір өңірлерде мең) болған. Бармақтай қал Әбілмансұрда одан кейін Кенесарыда болған. Ұрпақтан беріліп келе жатқан ерекшелік кейін Жаппар бабамда болған. Кейін бұл қал жоғалып, 1975 жылы 8 ақпанда менде пайда болды. Бүгінгі таңда 49 жыл өтті, қал әлі ешкімде жоқ.
Маған көбі аузың дуалы деп айтады. Ылғи барған жерімде сен ақ сөйлеші деп айтып отырады. Мен ештеңе көрмеймін, құлағыма ешкім сыбырламайды және аян да келмейді. Жай ғана айтсам болды тура орындалады. Бір күні досыма өзара қалжыңдап, енді үш қыздан кейін ұлды боласыңдар деп айтып едім айтқаным айдай келді. Той басқарып жүріп, 7 жыл бойы көтермеген әйелдің тілегін естіп, оған келесі жылы осындай айда, осындай күнде сізге қошқардай ұл береді дедім, ол да орындалды. Дәлі айтқан күні қошқардай ұлды болды".
- Билікке барып, ел ісіне араласуға бекініп пе діңіз?
"Маған біраз жұмысты сеніп тапсырды. Мен ешкімге тәуелді болғым келмейді. Біреудің айтуымен, сол адамның ойымен жүре алмаймын. Бұл сұрақты ауылда көп қояды. Бір спортшы бауырымыз "Қазақты өнер жағынан бағындырдыңыз, өзіңіз Кенесары ханның тікелей ұрпағысыз ғой неге той басқарып, киноға түсіп жүрсіз" деп сұрады. Мен "тыңда бауырым, Хан Кене бірауыз сөзімен көпті өзіне ерте білген. Мен қазіргі таңда 500-600 адамның алдында еркін сөйлеп, көпті басқарып жүрмін. Екіншіден, Кенесары халықтың бақыты үшін күресті, тек оның емес қазақтың бәрінің бабасы батыр. Бес жүз адамның алдында сөйлеген жақсы ма, әлде көптің алдында төбелес жақсы ма" деп бауырыма қарсы сұрақ қойдым. Ол ойланып тұрып төбелескен жақсы деп жауап берді".
- Әлеуметтік желіден байқасам қоғам туралы айтар ойыңыз бар секілді. Ел жайлы және оның болашағы туралы не ойлайсыз?
"Біздің халық "Жаңа Қазақстан" болуға ұмтылып жатыр. Меніңше, "Жаңа Қазақстанға" әлі кемі 15-20 жыл керек. Шыңғыс ханның сөзі бар "бастығы мақтаншақ болса, қасындағылар жағымпаз келеді" деген. Айтпағым, өкінішке қарай, өткен ғасырдың басында нағыз ұл зиялылары мен батырларымызды өлтіріп тастады. Халқымызға бас көтертпейтін саясат жүргізілді. Қазіргі таңда көбі қорқақ, қоян жүректер ғана қалды. Салдарынан қазақтың жауы қазақ болып отырған кезде өмір сүріп жатырмыз.
Халық арасындағы алауыздық сол Кенесары ханның кезінен басталды. Қазақтың теріскейіне келген орыстар қазақтың шенді азаматтарын сатып алды. Кейіннен кедей мен байдың арасы бөліне бастады. Мұның зардабын әлі тартып отырмыз. Біз кейде өзімізді "тектіміз" деп артық мақтап жібереміз, бірақ шын мәнінде, ешкім ешкімді қолдамайды. Тіпті бауыр деп жүрген адамың сен сүрінген кезде рахаттанып қарайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Алла тағала пейілдеріңе қарап беремін деді, алайда біздің халық бұл өмір пейіл мен ниеттен тұратынын ұмытып кеткен сияқты. Біз арам ниетті болып бара жатырмыз. Үкіметке, басшыға жала жабамыз, бірақ мәселе өзімізде екенін ұмытамыз. Жатып алып бәрін жамандайтын, пейілі тар адамдар көбейіп барады".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!