"Жолаушылар тасымалы" АҚ пойызда белгіленген тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтау әрбір жолаушының міндеті екенін ескертті. Пойызда кейбір әрекеттерге қатаң тыйым салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Билетсіз жүру
Пойызға отыру үшін жолаушыда міндетті түрде жарамды билет болуы қажет. Билетсіз вагонда жүруге рұқсат етілмейді. Тексеріс кезінде жолаушыда билет болмаған жағдайда оны келесі станцияда түсіріп тастауы мүмкін.
Балаларды құжатсыз алып жүру
Баланың жеке басын куәландыратын немесе ата-анасымен туыстықты дәлелдейтін ресми құжаттары болмаса, оны пойызға отырғызуға рұқсат берілмейді.
Артық жүк бойынша
Бір жолаушыға белгіленген нормадан (35 келіден) асатын жүкті алдын ала төлем жасамай және тиісті құжатты рәсімдемей алып жүруге болмайды.
Жануарларды құжатсыз тасымалдау
Ветеринария құжаттары жоқ жануарларды пойызда тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Құжаттар болмаған жағдайда жолаушыға пойызға отыруға рұқсат берілмейді.
Пойызда шылым шегу
Пойыз ішінде шылым және электрон темекі шегуге қатаң тыйым салынады.
Стоп кранды себепсіз іске қосу
Төтенше жағдай болмаса, стоп кранды басуға болмайды. Мұндай әрекет пойыз қозғалысының кестесін бұзып, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудырады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Тыйым салынған заттарды тасымалдау
Есірткі, жарылғыш немесе өткір заттарды пойызда тасымалдауға тыйым салынады. Мұндай заңбұзушылық анықталған жағдайда жолаушы құқық қорғау органдарына беріледі.
Агрессия және жанжал шығару
Физикалық немесе психологиялық агрессияның кез келген түріне, соның ішінде сөзбен қорлауға да қатаң тыйым салынады. Бұл ережені бұзған жолаушы жақын маңдағы станцияда пойыздан түсірілуі мүмкін.
Пойыз қозғалысы кезінде түсу
Пойыздан станцияларда және арнайы есіктер арқылы ғана түсуге рұқсат етіледі.
Вагонды ластау немесе мүлікті бүлдіру
"Жолаушылар тасымалы" АҚ мүлкін бүлдіруге, вагон ішін ластауға немесе вандализм әрекеттеріне қатаң тыйым салынады. Бұл ережені бұзған жолаушы жақын маңдағы станцияда пойыздан түсірілуі мүмкін.
Ішімдік ішу
Пойыздың барлық вагонында ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Бұл шектеу тек мейрамхана вагондарға қолданылмайды, онда ішімдік ішуге қолданыстағы тәртіпке сай рұқсат етіледі. Бұл талапты бұзу жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылуына және келесі станцияда пойыздан түсірілуіне себеп болуы мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова