- Негізгі бет
- LifeStyle
- “Қазақтың миына сыймайтын...
“Қазақтың миына сыймайтын нәрсе“. Айгүл Иманбаева экс-күйеуі туралы
Әнші, актриса Айгүл Иманбаева "Мамский әңгіме" youtube-арнасында бұрынғы жұбайы Сәбит Әбдіхалықовпен қарым-қатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Сәбит Әбдіхалықовтың қазіргі келіншегімен де қарым-қатынасы өте жақсы.
"Бұл жерде ешкімді кіналамаймын. Ішімде бұрынғы жолдасыма деген титтей де реніші жоқ. Соған қуанамын. Біздің үйдің бір мүшесі секілді. Баламның әкесі болған соң да солай болады. Қазіргі жолдасынан балалары дүниеге келіп жатса, "балам жалғыз емес" деп қуанамын. Сондай деңгейге жеткеніме қуанамын. Шынымен қал-жағдайыңды сұрасып тұратын деңгейге жетудің өзі үлкен жұмысты талап етеді. Өткенде Сәбиттің туған күні болды. Ұлым да кино түсіріп жатты. Киносына мен де, ол да түсіп жатты. Кешкісін түсірілім біткен соң "кеттік, үйге жүріңдер" деді. Сөйтіп, үйіне барып, Диконның шайын ішіп, етін жеп, соңынан бәрін жинастым. Сырттан қарасақ, бұл қазақтың миына сыймайтын нәрсе. Қазақтың ой-санасында ажырастың ба - жауласып өту керек деген түсінік бар. Сол дұрыс емес. Біздің араласуымыз шынайы, риясыздықтан туындап отыр", - деді әнші.
Өнер иесі бұрынғы жолдасымен ата-енесінің рұқсатымен ажырасқанын айтты.
"Балам алты айлық, оны алып, Сәбиттің ауылына ата-енеме бардым. Он күндей үйде болдым. Бірақ барған бойда ажырасатынымды айттым. "Бірақ сіздердің баталарыңызды алып кетейін деп едім. Немереңіз міне, қай уақытта десеңіз де алып келуге дайынмын, тек тұра алмаймын" деп түсіндірдім. Содан үлкен әжеміз тірі еді. Сол жылады, "Сәбитпен сөйлесейін, кетпе" деді. Сосын бұл менің шешімім екенін түсіндірдім. Сонымен он күн үйде болып, үйдің бәрін тазалап, әктеп, бәрімен қоштасып кеттім. Атам анамның үйіне дейін әкеліп тастады. Анам да қой сойып, қонақ етті. Одан бөлек "құдағидың сыбағасы" деп тағы бір қой сойып, беріп жіберді. Міне, солай үлкендердің рұқсатымен ажырастым. Себебі олардан жаманшылық көрген жоқпын. Асылжан қырқынан шыққанша енем қолымды салқын суға салғызбай мені бақты. Әйел болып жамандайын десем, олардың жамандығын көрмедім. Күні бүгінге дейін араласамын, сәлем саламын. Қазіргі жолдасым айтады ғой "Айгүл, мен бұрынғы жолдасымның анасын "мама" деймін, сен ренжімейсің бе" дейді. Сол кезде "осы жерден келісіп алайық, мен де бұрынғы жолдасымның анасын "мама" деймін. Аналардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ, олар ана ғой" дедім. Сөйтіп, екеуміз келісіп алдық. Әлі күнге дейін солай енемді "мама" деймін, – деді өнер иесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы