Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы дүниеден озды

Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы дүниеден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марқұмның отбасына көңіл айтты.

"Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар менің де жаныма қатты батты. Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, ахуал сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын. ...Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті", - деді ол.

Айта кетейік, 1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған. ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы, бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланған. Рәтбек қажы 2000 жылға дейін діни басқарманы басқарған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан аса мешіт салдыруға ықпал еткен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз