Экология министрлігі Павел Дуровқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде шомылып жүрген видеосы тарады.
"Бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталды. Сол себепті бұл әрекетте құқықбұзушылық белгілері жоқ. Кездейсоқ болған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпеген", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Министрлік пікірінше, Павел Дуровтың 10 миллионнан аса оқырманы бар жеке парақшасында жарияланған видео имидждік сипатқа ие, ол Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш еткен.
"Мұндай ақпарат - елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес", - деді министрлік өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін "ВКонтакте" желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсай көліне шомылғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!