Қазақстанның Халық әртісі Есмұхан Обаев өмірден өтті

Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Есмұхан Обаевтың отбасы мен жақын туыстарына, халқына қайғыра көңіл айтты.

"Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнері дамуына, сахна мәдениеті өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектеп қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар, қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек. Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы, ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!" - деп жазылған хабарламада.

Есмұхан Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын Асқар Тоқпановтың класы бойынша тәмамдаған. Есмұхан Обаев - театр режиссері, профессор, "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының, "Парасат" және "Барыс" ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты.

Ол "Абай", "Қарагөз", "Айман-Шолпан", "Ревизор", "Шыңырау түбінде", "Асауға тұсау" және өзге де спектакльдерді сахналаған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!