Шымкент қаласының тумасы Нұрдәулет Жандарбекұлының АҚШ-та тұрып жатқанына 10 жылдай болған. Бүгінде ол АҚШ-тағы алып компаниялардың бірі - Johnson & Johnson фармацевтикалық компаниясында жұмыс істейді. Нұрдәулет Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында алып компаниядағы жұмысы туралы және қазақ жастарының шетелде қара жұмыс істеуіне қатысты ойын айтты.
Нұрдәулет 2014 жылы Шымкент қаласының қазақ-түрік лицейінің (қазіргі Білім Инновация Лицейі) 10-сыныбын бітіріп, АҚШ-қа білім алуға кеткен.
"Нью Джерси штатында 11-12 сыныптарды бітіріп, осы жердегі NJIT (Технологический Институт Нью Джерси) жоғары оқу орнында "Өнеркәсіптік Инженер" мамандығында оқып, 2021 жылы бітірдім.
Әлемнің ТОП-10 университетінің 8-і АҚШ-та орналасқан. Осы факттың өзі АҚШ-тың білім сапасы басқа елдерге қарағанда қаншалық алда екенін көрсетеді деп ойлаймын", - дейді Нұрдәулет.
Алып компаниядағы қызметі
Нұрдәулет 2021 жылы АҚШ-та оқу бітіргеннен кейін алғаш жұмысқа осы елде орналасқан.
"Metrix Premium компаниясында операциялар бойынша көмекші болдым. Кейін 2022 жылы Johnson & Johnson компаниясында (фармацевтика саласы) логист-талдаушы болдым. Біздің бөлім клиникалық дәрілерді жіберетін, оның ішінде коронавирусқа қарсы Johnson & Johnson вакцинасы да болды. Биыл қаңтардан бастап осы компанияда операциялар бойынша аналитик қызметіндемін. Қысқаша айтқанда бізге аққанмен (рак-еск.) ауыратын науқастардың қаны жіберіледі. Біз қаннан пайдалы жасушалар, вирустар мен химиялық материалдарды енгізіп, қайтадан науқастарға жібереміз. Процесс шамамен 10 күнге созылады. Осы процестен кейін науқаста аман қалу пайызы 68 пайыз болады. Бірақ бұл емдеудегі соңғы этап. Оған дейін науқастар басқа емдеу процестерін көреді. Себебі біз жүргізетін процедура арзан емес, шамамен 500 мың доллардай"
"АҚШ-та жұмыс нарығында бәсекелестік өте үлкен"
Себебі, Нұрдәулеттің сөзінше, елде білімді америкалықтар өте көп. Тәжірибесі көп, білімді иммигранттар да көп.
"АҚШ-та жұмысқа орналасардан бұрын бірнеше кезеңнен өтесіз. Ең алдымен қызметкердің психологиялық күйі тексеріледі. Яғни қызметкердің көшбасшылық қасиеті бар ма, оның көзқарастары қандай, жұмысқа тек ақша үшін орналаса ма, әлде бар білімін адамзатқа пайдасын тигізу үшін жүр ме дегендей. Сонымен қатар, қызметкер қиын сәттерде қалай әрекет ететіні де тексеріледі", - дейді ол.
Ал екінші кезең - техникалық кезең. Қызметкер жұмысын орындай алуы тексеріледі.
"АҚШ-тағы жұмыстың артықшылығы - мұнда ешқашан жұмыс өзіңнен жоғары тұрмауы керек деген түсінік бар. Өз өмірімнен мысал келтірер болсам, жазда Қазақстанға кетуім керек болды, алайда сол сәтте жұмыс "қызып" жатыр еді. Тастап кетейін десем менсіз болмайтын секілді сезім болды. Сол кезде басшым "Нұрдәулет, сен кетіп қалсаң компанияның жұмысы тоқтап қалмайды, ешқашан жұмысты өзіңнен жоғары қойма, өзіңді де ойла. Демалу керек" деген еді. Яғни қызметкерді түсіну жағынан жақсы", - дейді Нұрдәулет.
"Шетелге көшуімнің тағы бір себебі - жайлы зонадан шығу"
Нұрдәулет шетелге мектеп жасында көшуіне не түрткі болғанын айтты.
"Әр елде кем дегенде халықаралық деңгейге сәйкес келетін жақсы, дамыған оқу орындары бар. Қазақстанда да жақсы білімі алуға болады. Оған өзімнің де көзім жетіп отыр. Шетелге көшуімнің тағы бір себебі - жайлы зонадан шығу. Яғни басқа елді көріп, мәдениетін салыстырып, жақсы тұсын алып, кемшілігін салыстырып, оқудан бөлек, жақсы тәжірибе алу үшін келдім", - дейді ол.
"Шетелге кеткен 100 адамның 99-ы пайда табу мақсатында кетеді"
Сонымен қатар, отандасымыз қазақ жастарының жаппай шетелге барып, қара жұмыс істеуіне қатысты ойын айтты.
"Корея, Ұлыбритания секілді елдердегі жұмыс жағдайын өзім болмаған соң білмеймін. Бірақ АҚШ-тағыдай-ақ деп ойлаймын. Қазақстандық жастар шетелге жұмыс істеуге көп шығып жатыр. Шетелге кеткен 100 адамның 99-ы пайда табу мақсатында келеді. Мен оған еш қарсы емеспін, керісінше, құрметтеймін. Адал ақша тапқанға не жетсін? Қазақстанда 2-3 ай жұмыс істеп табатын ақшасын шетелде 1 ай немесе 1-2 аптада тапса жақсы ғой.
Бірақ көбі "АҚШ-та пәленше доллар табамын, 6 айдың жалақысын 1 айда табамын" дегендей айтады. Алайда көп адам бірнәрсені айтпай кетеді: АҚШ-та табыс қандай болса, шығыс та сондай болады. АҚШ қымбат ел екені ешкімге жасырын емес деп ойлаймын. Қарапайым ұялы байланыс үшін айына 50-60 доллар төлеуіңіз мүмкін. Яғни жалақыңыз 5 мың доллар болса, өмір сүру үшін қажет шығындардың өзі 3-4 мың доллар болуы мүмкін", - дейді ол.
Нұрдәулет кейбір адамдар елде дұрыс дағдылана алмай, табысын дұрыс игере алмай, жаратып тастап, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі мүмкін екенін айтады.
"Жалындап тұрған жас кезіңде шетелде қара жұмыс істеп, көп уақытың кетеді. Бұл қате деп ойлаймын. Себебі кейін де солай жүре бересің. Әрине бәрі ондай емес. Табысын дұрыс игере алатындар да бар. Олар шетелде ақша жинап, Қазақстанға оралып, пәтер, көлік аламын дейді. Ол да дұрыс әрине. Бірақ сен ақыры АҚШ-та болып, саған сондай мүмкіндік түсіп тұрғаннан кейін оны неліктен қолданбасқа? Күні-түні қара жұмыс істеп, ақшаны жинағанша ол ақшаны өзіңе инвестиция ретінде қолданып, шетелде мықты маман иесі болсаң. Сол кезде қай жерде болсаң да сұранысқа ие маман боласың. Сол кезде көлік те, үй де пайда болады. Оған тек қара жұмыс істесең еліңе оралған кезде де қара жұмыстан басқа ешнәрсе білмейсің.
Менің көптеген танысым АҚШ-та қара жұмыс істейді. Олардың ешқайсының көңіліне тигім келмейді. Олардың еңбек етіп жүргенін құрметтеймін. Отбасыңнан жырақ жерде жұмыс істеу оңай емес. Жүк тасушы болсаң да, директор болсаң да ешқандай айыбы жоқ, бастысы - адал ақша табу. Бірақ қазақ жастарына айтқым келетіні - азға қанағат тұтпаңыз. Өзін дамытумен айналысып, жақсы маман иесі болуға тырысу керек", - дейді ол.
"Елге қайтамын"
2024 жылы Нұрдәулеттің АҚШ-та жүргеніне 10 жыл болады. Ол осы уақыт аралығында жақсы тәжірибе жинап, жаңа адамдармен танысып үлгергенін айтады.
"10 жылда айтарлықтай тәжірибе жинап, жаңа адамдармен таныстым. Бірақ білімнің шегі жоқ. Енді жинаған білімімді жаңа жылда Қазақстанға қайтып, халқымның пайдасына қолданғым келеді. Мен - патриотпын, оған дәлел ретінде АҚШ-тағы барлық мүмкіндігімді тастап, еліме қайтуға деген ниетім екенін айта аламын. АҚШ-та жақсы жалақы алып, қалсам да болатын еді. Бірақ Қазақстанға қайтып, елге қызмет еткім келеді", - дейді Нұрдәулет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!