"Өмір сүруді үйренбейінше біз табысты түсінбейміз". Бұл ұзақ жылдар бойы банк саласында қызмет етіп, кейін жеке кәсіпке бет бұрған Досбол Арыстанбектің сөзі. Бүгінде Грузиядан көлік әкелумен айналысатын ол тоғыз айда елімізге 450-ден астам көлік алып келген. Шетелге бару, темір тұлпарды таңдау, оны заңдастыруды жетік меңгерген кәсіпкермен Massaget.kz тілшісі тілдесіп көрді.
Жетістікке жеткен адамның бәрінің бала кезде көрген қиыншылығы бар. Әңгіменің ауанын алдымен кәсіпкердің өмірінен бастадық.
Алматыда 60 пәтер жалдап тұрдым
Біз отбасымызбен бұрынғы Сырдария облысы Жетікөл деген жерден 2001 жылы Алматы облысына көшіп келдік. Мектепті жақсы оқығаныммен, 9-сынып бітіріп колледжге түсуге тура келді. Себебі отбасымызбен ауылдың өзінде пәтер жалдап жүрдік. Қаржының тапшылығы қатты қысты. Сол кедергіден шығу үшін үлкен қалаға ерте бейімделу керек болды. Алматыда 60 пәтер жалдап тұрған шығармын. Қиындықты бір адамдай көріп өскен адаммын.
Ақшаның буын 21 жасымда сезіндім
Ең бірінші еліміздегі танымал банктардың бірінде қашықтан қызмет көрсету бөлімінде топ басшысы болдым. Қол астымда 15 адам болды. 21 жасымда, осыдан 12 жыл бұрын 400 мың теңге айлық алатынмын. Ол кезде бұл жалақымен жалғанды жалпағынан басып жүрген кездер болатын. Адамның қолына көп ақша тисе көтере алмайды ғой. Менде сондай сезім болды. Басқа жұмыс тауып алам мен! Кәсіп ашам керек десең, - деп жұмыстан шығып кетем. 2 айдан кейін ақшам бітеді. Соңғы үшінші айда қарыз берген адамдарға қоңырау шала бастаймын. Мен жас кезімде сол кезеңді бастан өткергеніме қуанамын. Өйткені адам үлкейген сайын депрессияға жақын болады.
15 жыл жұмыстан шықпаймын деп ойладым
Содан кейін менің жұмысқа кіруім қиын болды. Ешкім мені топ басшысы қылып алғысы келмеді. Басқа бір банктің шақыртуын алып, сол жерде 8 жыл қызмет еттім. SMM, маркетинг менеджері, PR бөлімдерінде жұмыс істедім. Ол кезде Алматыдан үй алу арман болатын. Содан бір күні астымдағы көлігімді сатып, алғашқы жарна құйып 15 жылға ипотека алдым. Осыдан 5-6 жыл бұрын айына 150 мың теңге несие төлейтінмін. 2 жыл тұрақты төлеп жүріп, кейін ойлана бастадым. Мен 40-тан асқанда төлеп бітеді екенмін. Жұмыста бастықтармен келіспей қалатын сәттер болады. Сәл жұмыстан кетемін деген ой келсе қай жаққа барарымды білмеймін. Ипотеканы кім төлейді?, - деген сұрақ тұрады. Мен сол кезде миым кісенделіп қалғанын түсіндім. Осы жұмыста 15 жыл ипотекам біткенше жұмыс істеймін деп ойладым.
Ипотекамды 1 жылға жетпей жауып тастадым
Сол кезде ипотекамды жауып беретін адам болса жұмыстан кетіп қалатын едім деп Алладан тілеймін ғой. Содан күндердің күнінде бұрын студент кезде тәшке итеріп жүргенде танысқан кәсіпкер жігітпен кездесем. Ол терезе шығарумен айналысады екен. 4 жылдан бері жүргізіп жатырмын, бірақ жүйе жоқ деді. Ал мен маркетинг саласын толық меңгерген маман едім. Ол бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасап, табысты теңдей бөліп алатын қылып келісеміз. Содан сол жұмыспен ипотекамды бір жылға жетпей жауып тастаймын. Алла маған балық бермей қармақ берді. Осы сәттен кейін мен банктен кету туралы шешім қабылдадым. Өйткені өмірде жұмыс істеудің ең жоғарғы жетістігі үй мен көлік алу ғой. Осы мақсатқа жеткен соң банк саласынан кеттім.
Әкеммен айқайласып шетелге шықтым
Менің атқарған істерімнің барлығын кредитпен жасағанмын. Тойымды несие алып жасағанмын. Кредит алып жер алдым, үй салдым, Алматыдан пәтер алдым. Алғашқы көлігімді де несиеге алдым. Ең қызығы шетелге шығатын турды кредитке алдым. Мен ең алғаш шетелге шығатын кезде әкеммен айқайласып қалғам. Маған "Байдың баласысың ба?" - деп ұрысқан. Өйткені ол кісілерде тек бай адамдар шетелге шығады деген ой қалыптасып қалған. Мен шеңберді жыртып тастап үйрендім. Бізде тек нағашыларымнан бір адам шығатын. Папа-мама пәленшенің баласы шетелге шығыпты деп айтып отыратын . Ал мен: Қашанғы нағашының баласын айтып отыра береміз? Біздің де шығатын сәт келген шығар. Мен билет алып тастағам. Мен барамын, керек болса сол жақта қаламын!, - деп шетелге шыққанмын. Кейін әкем түсініп, ақ батасын беріп шығарып салды.
Грузиядан көлік әкелуге не себеп болды?
Өзімнің мініп жүрген көлігіммен әйеліміз екеуіміз таласып қала бердік. Ол кезде еуропалық Toyota Camry 70 автокөлігі болатын. Соны сатып Грузия мемлекетінен біреуі 2018 жылғы, екіншісі 2019 жылғы екі Elantra көлігін алып келейін деген оймен 2023 жылы наурызда жолға шықтым. Қасымда Дәурен мен Аслан деген 2 досым бар, жалпы 5 адам болып бардық. Мен барлығын деталды түрде түсіріп жүрдім. Ұшақтың билеті қанша, қонақ үй қанша теңге, құжаттарды қалай жасау керек деген секілді дүниелерді таспаладық. Сол бейнежазбаны монтаждап ютуб желісіне салып едім, бұл адамдардың сұрап жүрген контенті екен. Алғашқы видео 250 мың қаралым жинады. Кейін жеке телефоныма хабарласып, көрермендерім Грузияға апаруымды, жол көрсетуімді сұрады. Сұраныс болғаннан кейін қасымдағы екі жолдасыммен осы кәсіпті бастадық.
Біз көлікті алып-сатумен айналыспаймыз
"Біз көлікті алып-сатумен айналыспаймыз. Тек қызмет көрсетеміз. Біріншісі - автотур. Қазақстан бойынша команда жинақтап, ұшаққа билет аламыз. Қонақүйге орналастырамыз. Толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Кейін көлікті таңдау, бағасын саудаласу жағы, оған утилалым мен алғашқы төлемді қосқан кездегі бағасы қанша болатыны, бұл көлікті алу қаншалық тиімді екені секілді ақпараттар беріледі. Ең бастысы көлікті алудағы мақсаты сатуға ма, жоқ әлде өзіне ме осыны айқындап алу керек. Бірақ біз шешім шығарып бермейміз, тек көлік туралы толық сипаттамасын береміз.
Грузиядағы көліктердің 99,9 пайызы соғылған
Біз бірге барған сатып алушыға ал деп айтпаймыз, бірақ алма деп айта аламыз. Себебі, кейбір көліктер екі жағынан жалғанған болуы мүмкін. Сатып алушы қанша жерден ұнатып тұрса да, біз қарсы боламыз. Себебі бір базарда кемінде 3000 мыңға жуық көлік болады. Грузияда тек америкалық көліктер сатылады. Оларға теңіз арқылы жеткізіледі. Грузияға келіп жатқан көліктердің 99,9 пайызы соғылған көліктер. Мен оны бірден ашып айтамын. Соғылған көліктердің де сан түрі болады. Бірі мыжылып қалуы мүмкін, енді бірін сәл сырып кетуі ықтимал. Тіпті кейбірінің есігі, қозғалтқыш қақпағы ауысқан жайттар да кездеседі. Біздің міндет солардың арасынан ұзақ қызмет ететін, жағдайы жақсы көліктерді таңдап беру.
Грузиядан алынған көлік Қазақстанға жеткенше 2 есе қымбаттайды
"Біздің елге көліктер Дубайдан, Кореядан, Моңғолиядан, Грузиядан кіріп жатыр. Қалғандары өзімізде құрастырылған автокөліктер. Әрқайсысының құрастырылуы бөлек. Бұл елдердің ішінде Грузиядан көлік әкелу өте тиімді. Ең біріншіден бағасы арзан. Қазақстандықтар жиі сатып алатын маркалардың қатарына Kia, Hyundai, Toyota кіреді. Мәселен 2018 Kia optima автокөлігін алайық. Ол жақта орта комплектациясы шамамен 10 мың доллар. Бүгінгі курспен 4 миллион 600 мың теңгеге осы көлікті сатып аламыз. Біздің елде ол ақшаға жақсы көлік алу мүмкін емес. Осы баcтапқы бағаға 20 мың теңге салық төлейміз, 20 мың теңге СВХ, 2,5 көлемді қозғалтқышпен есептейтін болсаңыз утильалым 865 мың теңге, 1 миллион 725 мың теңге алғашқы жарна, оған 150 мың теңге броккерлік сертификаттың ақшасын қосасыз. Бұдан бөлек Ресейдің шекарасынан өткізу үшін тағы 230 мың теңге, оның сыртында 500 мың теңге барып-келу жолыңды қосу керек. Сол кезде жалпы бағасы 8 миллион 110 мың теңгеге шығады", - дейді Досбол Арыстанбек.
2024 жылы бұл бағалар көтерілгендіктен шамамен тағы 300 мың теңге қосылады дейді кәсіпкер. Сайып келгенде Грузиядан алынған көліктің бағасы біздің елге жеткенше 2 есе көтеріледі. Біздің елде бұл көліктің бағасы орта есеппен 9 миллион теңге. 500 мың теңге айырмашылық үшін Грузияға барудың не пайдасы бар? Кәсіпкерден сұрадық.
"Иә, біреулерге 500 мың теңге үлкен сома болмауы мүмкін. Бірақ барлығы ақшаға байланысты емес. Біздің елдегі көліктерге қарағанда Грузиядағы машиналардың жағдайы әлдеқайда жақсы. Жүрісі аз. Комплектациясы да жоғары болады. Сондай-ақ елдегі автобазарлардың бірінен барып көлік ала салу бір бөлек. Ал ұшақтан ләззат алып өзге елге саяхаттау, жаңа әсер алу, тізбектеліп көлік айдап қайту ерекше сезім сыйлайды. Осетия, Шешенстан, Дағыстан, Қалмақ Республикасы, Ингуш, Ресей, Астрахан секілді бірнеше елдер мен қалаларды, қала берді Атырау, Ақтөбе секілді БҚО қалаларын көруге мол мүмкіндік", - дейді кәсіпкер.
Утильалым мен алғашқы жарна шетелден көлік әкелмеу үшін жасалған кедергі
Көлікке қатысты кедендік кедергілер жайлы мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы көтерген болатын. Десек те алғашқы жарна мен утильалымның бағасы 2024 жылдан бастап тағы да көтерілмек. Досбол Арыстанбек те бұл төлемдер шетелден көлік аламын деушілерге қойылған кедергі деп есептейді.
"Утильалым мен алғашқы жарна шетелден көлік әкелмеу үшін жасалған кедергі. Утилалымның негізгі мақсаты қолданыстан шыққаннан кейін қоқысқа тастауға болмайтын шетелден әкелінген тауарларды қайта өңдеу үшін салынатын салық қой. Бірақ мен біздің елде қоқысқа тасталып жатқан көлікті көрмедім. Грузиядан әкелініп жатқан көліктердің жылы ең төмені 2017-ден басталады. Жалпы шетелден ескі көліктер кіріп жатқан жоқ. Алайда мемлекет бұл төлемдерді алып тастамайтыны ақиқат. Өйткені ондай жағдайда салондағы көліктер сатылмай қалады. Ал бұл жерде билік басындағы адамдардың жеке қызығушылығы бар", - деп Досбол Арыстанбек сөзін түйіндеді.
Қазақстанға 9 айда 450 көлік кіргіздім
Менің ойымша Қытай көліктері нарықты жаулап алады деп қорықпау керек. Себебі менің өзім 2023 жылдың наурыз айынан бастап 450 көлік кіргіздім. Ал мен секілді көлік әкелумен айналысатын жоқ дегенде 50 шақты адам бар. Олардың әрқайсысы жылына кем дегенде 100 көлік тасыды десек шамаман бір жылда 5-6 мың машина келіп жатыр. Басында адамдар көліктерді алып-сатумен айналысамыз деп ойлады. Кейін шетелден әкелінген көліктер көбейгені соншалық нарық тоқтап тұр. Алып сату қиын. Содан соң адамдар өз бағасына сатуға кірісті. Демек бұл үрдіс темір тұлпар бағасының арзандауына да сеп болады. Ал Қытайлық көліктер автонарықты бұзып жатыр деген жаңсақ пікір. Себебі көлік түсінетін адамдар қытайлық автокөлікті алғанша Грузиядан, Дубайдан барып темір тұлпар тізгіндегенді құп көреді. Сондықтан Қытайлық көліктерді 2-3 жыл күту керек. Алайда олар түрлі жеңілдіктер жасайды. Банктер арқылы бөліп төлеу, төмен пайыздық мөлшерлемелер секілді қадамдармен саудасын жүргізеді.
Кем дегенде 5 миллион теңге керек
Менімен бірге барып көлік алғысы келетін адамдарға арнайы талап бар. Талаптан шығып кеткен адамды бірге баратын топтан бөліп тастаймын. Өйткені олардың барлығы менің нұсқауыммен жүруі керек. Жол болғасын түрлі жағдайлар болады. Мысалы көлікті басып озу кезіндегі қателік. Алдындағы көлік басып озбайынша қарсы бағытқа шықпауы тиіс. Үш ескертуден кейін калонадан шығарып жіберуге тура келеді. Алайда бұл тек біздің көрсететін қызметтің құны. Оған билет алудан бастап, көлікті таңдап беруге дейін кіреді. Қонақ үй мен ұшақтың билеті, тамақ және өзге де шығындарды өз қалтасынан шығарады. Жалпы бір адамға 500 мың теңге керек. Ал жалпы Грузияға барып көлік аламын деген адамның қалтасында кемі 5 миллион теңге болуы керек.
Шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда тіркеу қалай жүзеге асады?
"Шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда тіркеу үлкен проблема секілді көрінеді. Бұл жерде ең бастысы дұрыс брокер болса болғаны. Таңертең кіргізген көлікті кешке дейін толық тіркеуге мүмкіндік бар. Бұл жерде төлемнің үш түрі бар. Кедендік алым, утильалым, алғашқы жарна. Кедендік төлем Грузия мемлекеті тіркеуден шығарып тастап, өз атыңа аударып береді. Одан кейін Ресей шекарасы құжаттардың бәрін сейф пакетке салады. Оны ашуға болмайды. Ол құжатты Қазақстанның кеденінен ашып, құжаттарды тексеріп, қабылдап алады. Алайда кедендік сетка деген тағы бір кедергі бар. Яғни, мен 11 мың долларға Грузиядан көлік алып, оның бағасы кедендік торда 14 мың доллар болса қосымша құн салығы, мемлекеттік баж салығының барлығын кедендік сеткадағы бағамен төлеу керек. Ал көлігіңіз кедендік торда көрсетілген бағадан қымбат болса сіз алған бағамен есептеледі. Бұл төлемдердің барлығы шетелдегі көлік бағасын ішкі нарықтағы бағамен теңестіріп береді. Кейде тіпті шетелден көлік алу тиімсіз болып қалатын сәттер болады", - дейді Досбол Арыстанбек.
Кәсібіме ешқашан жарнама берген емеспін
Сондай-ақ кәсіпкер камерамен жұмыс істегенді ұнататынын да жасырмады. "Кәсіпкер бол" ютуб арнасында шағын және орта кәсіпті қолдап түрлі түсірілімдер жасаған. Ал бүгінде Грузияға сапары жайлы көрерменге тартымды контент ұсынып жүр.
"Ютубтың бастапқы бағыты шағын орта кәсіпкерлерді қолдау. Соларға жарнама жасау. Себебі БАҚ құралдарында көбіне жетістікке жеткен адамдармен сұхбаттасады да, кішігірім кәсіппен айналысатын жандар тасада қалып кетіп жатады. Оған қосымша қаржы құю керек болды. Себебі оның түсірілімі бар, монтаж жұмыстары бар, жол шығындары... Осының барлығын қоса есептегенде айына 150-200 мың теңге бөліп тұрдым. Осылайша "Кәсіпкер бол" арнасы ашылды. Дегенмен бұл жоба менің жасап жатқан жұмысымнан хабар береді. Мен барлығын ашық көрсетсем адамдар өздері келе бастайды. Себебі мен ешқандай жарнама берген емеспін. Тіпті таргет жіберіп көрмегем. Тек осы ютуб арқылы жұмысымды жарнамалаймын десем болады. Tik-tok-қа ауысқым келеді. Бірақ ол жерде аудитория майда-шүйде. Ол платформадан маған 100 адам хабарласса 1 адам менің клиентім болуы мүмкін. Ал ютубтағы 10 адамның екеуі менімен бірге Грузияға баруға дайын" , - дейді кәсіпкер.
Жастар 30 жасына дейін мамандықпен жұмыс істеуі керек
Кәсіпке кез келген адам келе салмайды. Қазір адамдардың 80 пайызы тұрақты жұмыс жасайды ғой. Ал тұрақты қызметтен кетіп кәсіп ашамын деген қадам үлкен қателік болар еді. Алдымен қосымша табысты ойлау керек. Қосалқы жұмысты алып жүруге кез келген адамның қауқары жетеді. Сіздің қосалқы табысыңыз ресми жұмыстан алатын айлығыңызбен теңескенде кәсіпке бет бұру керек. Бұл бірінші. Екіншіден жастар 30 жасына дейін мамандықпен жұмыс істеуі керек. Өйткені адам ұжымдық жұмыстан тәжірибе жинап алуы керек. Қарапайым адамдармен тілдесу, телефон арқылы сөйлесу, жазып түсіндіре алу, іс-қағаздармен жұмыс істеу секілді қарапайым қабілеттерді меңгеруі әсте қажет. Алайда қазір жастар 17-18 жасынан кәсіпке бет бұрады. Қолынан іс келсе ол да дұрыс. Ал қандай кәсіпті қалай бастарын білмей отырған жандарға тұрақты жұмысынан шығып кету қателік.
Бала армандарыма сәлем жолдап тұрамын
Ақшиға барып бала кездегі армандарыма үнемі сәлем жолдап тұрамын. Өмірде позицияны дұрыс таңдай білу керек. Біз ақшаның артынан қуа беретін болсақ өмір сүруді ұмытып кетеміз. Ал өмір сүруді үйренбейінше біз табысты түсінбейміз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!