• 499.31
  • 490.7
  • 5.62

Қазақстандықтардың өмірінде жиі кездесетін айыппұлдардың көлемі қанша?

Қазақстандықтардың өмірінде жиі кездесетін айыппұлдардың көлемі қанша?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Жаңа жылдан бастап АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) мөлшері 3692 теңгеден 3 932 теңгеге өсті. Осыған байланысты АЕК-пен есептелетін кез келген төлем, оған қоса айыппұл көлемі де артты. Сонда 2025 жылы айыппұлдар мөлшері қалай өзгерді? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде жиі кездесетін әкімшілік құқықбұзушылықтарға салынатын айыппұлдардың өзгерген сомасы мынадай:

Қоқыс қалдыру

Үйдің кіреберісінде, дәліздерде қоқыс "пакетін" қалдырса 19 АЕК, яғни 78 640 теңге айыппұл салынады, ал жағдай қайталанса бұл сома 29 АЕК, яғни 117 960 теңгеге дейін артады.

Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп есептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге айыппұл көзделген.

Қоғамдық орында түкіру

Қоғамдық орында түкіргені, сондай-ақ көрінген жерге қоқыс тастағаны үшін 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал қайталаса айыппұл көлемі 10 АЕК, яғни 39 320 теңгеге өседі.

Балағат сөз айту

Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни 78 640 теңге айыппұл салады немесе 30 тәулікке қамауға алынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Тіркеусіз және жеке куәліксіз жүру

Бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға - 7 АЕК, яғни 27 524 теңге, ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанса - 13 АЕК, яғни 51 116 теңге.

Тыныштықты бұзу

Заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға - 5 АЕК, яғни 19 660 теңге, бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге айыппұл салынады.

Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы - 20-дан 150 АЕК-ке дейін, яғни 78 640 - 589 800 теңге.

Қоғамдық орындарда ішімдік ішу

Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде кіреберісте ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК, яғни 19 660 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзақылық қайталанса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеледі.

Ал 18 жасқа толмаған адам болса оның ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. 

18 жасқа толмағандардың түнгі уақытта жүруі

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде жүрсе олардың ата-анасына 3 АЕК, яғни 11 796 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер қайталанса, баланың заңды өкілдеріне 7 АЕК, яғни 27 524 теңге айыппұл салынады.

Бұл жағдайда ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде, яғни 39 320 және 393 200 теңге айыппұл көзделген.

Қоғамдық көлікте жолақы төлемеу

Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақы төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады. Ал жүргізушіге жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл көзделген.

Тыйым салынған орындарда темекі шегу

Тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 15 АЕК, яғни 58 980 теңге айыппұл салынады. Ал қайталанса айыппұлдың көлемі 20 АЕК, яғни 78 640 теңгеге дейін өседі.

Ал ұшақта темекі шеккені үшін 50 АЕК, яғни 196 600 теңге төлеуге тура келеді.

"Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған. Темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады".

Көлік салонында кәмелет жасқа толмаған балалар отырғанда темекі шеккені үшін 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Жолды кесіп өту

Жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға 2 АЕК, яғни 7864 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет қайталанса немесе бұдан біреу зардап шексе 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл төлейсіз.

Пәтерді заңсыз қайта жоспарлау

Пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК, яғни 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер қайта жоспарлау үйдің берiктiгi мен орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқса 80 АЕК, яғни 314 560 теңге төлеуге тура келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә