Қазақстандық блогер Италияда 32 млн теңгелік заттары салынған чемоданын ұрлатып алған

Қазақстандық блогер Мадинахон Мамадалиева (Мадлен) Италияда Louis Vuitton чемоданын ұрлатып алған. Оның айтуынша, ішінде шамамен 70 мың доллар, яғни 32 млн теңгеге жуық тұратын бренд киімдер, аяқкиімдер мен сөмкелер болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұрлық 6 қыркүйекте блогер Венеция кинофестиваліне пойызбен бара жатқанда болған. Чемодан оның орындығының үстіндегі жүк сөресінде тұрған. Мадлен бір сәт телефонға алаңдап кеткенде, жүгінің жоғалғанын байқаған.

"Ұрланған заттардың арасында өте қымбат бұйымдар, соның ішінде қолтырауын терісінен жасалған дүниелер де болған. Мұнда қалта ұрылары көп екенін жақсы білемін, әсіресе Канн немесе Венеция фестивальдері кезінде. Бірақ бизнес-класта, өз орныңда отырған кезде төбеңде тұрған чемоданды соншалық оңай ұрлап кетеді деп ойламаппын. Чемоданның ішінде мен үшін ерекше мәні бар заттар болды. Бағалы сыйлықтар, өз тарихы мен естелігі бар дүниелер еді. Оларды жай ғана дүкенге барып қайта сатып ала алмайсың", - деп жазды ол.

Мадинахон Мамадалиева - қазақстандық танымал блогер әрі инфлюенсер. Ол әлеуметтік желіде саяхат, қымбат брендтер және күнделікті өмірі туралы контент жариялайды.

Бұған дейін де блогер сән-салтанатты өмір салты туралы жазбаларына байланысты әлеуметтік желіде бірнеше рет қызу талқыға түскен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз