Instagram желісінде жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бағытталған жаңа функция пайда болады. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Meta компаниясының вице-президенті доктор Саймон Милнердің Астанада өткен кездесуінде белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Meta компаниясы 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналған жаңа "Жасөспірімдерге арналған аккаунттар" функциясын таныстырды. Бұл мүмкіндік ата-аналарға балаларының цифрлық өміріне белсенді араласуға жол ашады.
Жаңа функция арқылы ата-аналар:
- баланың профилін кім көре алатынын шектей алады;
қажетсіз контентті жасыра алады;
пікірлер мен хабарламаларда бейәдеп сөздерді автоматты түрде бұғаттай алады;
бейтаныс адамдардың жазбаларды көру мүмкіндігін өшіре алады.
Сонымен қатар, қосымша қауіпсіздік шаралары қарастырылған:
- түнгі уақытта хабарламалар туралы ескертулерді өшіру;
Instagram қолдану уақытына шектеу қою мүмкіндігі.
Meta вице-президенті Саймон Милнердің айтуынша, бұл функция балалар мен цифрлық қауіпсіздік саласындағы сарапшылардың ұсыныстарына сүйене отырып әзірленген және Instagram желісіндегі жасөспірімдердің қорғалу деңгейін арттыруды көздейді.
МЦРИАП баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жаңарту жақын арада іске қосылады.
Еске салсақ, бұған дейін Цукербергке Instagram мен WhatsApp қосымшаларын заңсыз монополия құрды деген айыппен сатуға мәжбүрлеуі мүмкін екені хабарланған еді.
Айта кетейік, 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы сәуірдің басына дейінгі аралықта қазақстандық музыка Instagram және Meta компаниясына тиесілі өзге де платформалардың медиатекаларынан іс жүзінде жоғалып кеткен болатын. Енді Instagram-дағы осы «музыкалық үзіліс» үшін қазақстандық әртістерге төлем жасала ма – белгісіз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет