- Негізгі бет
- LifeStyle
- қаржылық сауаттылық
Қазақстандағы криптовалюта: не істеуге болады және қандай қауіптер бар?
Криптовалюта - Қазақстанда салыстырмалы түрде жаңа сала. Қазақстандықтар криптовалютамен қалай қауіпсіз айналыса алады? Криптовалютаға не сатып алуға болады? Massaget.kz тілшісі ҚР Ұлттық Блокчейн қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашевпен сұхбаттасты.
Қазақстанда криптовалютаның айналымы шектеулі
Сарапшы Қазақстанда криптовалюта айналымы қалай жүзеге асатынын айтып берді.
"Криптовалюта - әлемдегі ең перспективалық технология. Ол блокчейн технологиясының негізінде жасалған өнім. Біздің заң жобасы бойынша криптовалюта төлем құралы болып есептелмейді. Яғни сіз дүкенде немесе кафеде криптовалютамен төлем жасай алмайсыз. Өйткені Азаматтық кодекстің 115-бабы бойынша ол мүлік. Бірақ Азамматтық кодекстің 116-бабы бойынша ол мүліктің айналымы шектеулі. Яғни оның айналымы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген криптобиржалар аясында ғана заңды болып саналады. Мысалы, менде биткоин болса, оны сізге жаңағы биржаға жүгінбестен тікелей жібере алмаймын. Себебі ол заңсыз болып есептелінеді. Егер мен сізге криптовалюта бергім келсе, Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген биржалар арқылы жібере аламын", - дейді Дәурен Қарашев.
Криптовалютаға қалай инвестиция жасайды?
Дәурен Қарашев Қазақстанда криптовалютамен қауіпсіз айналысу үшін оның рұқсат етілген түрлерін ғана сатып алуға болатынын айтты. Бұл инвесторлардың мүддесін қорғау үшін жасалған.
"Қазақстан заңы бойынша инвестиция жасаймын десеңіз, Астана халықаралық қаржы орталығында лизенция алған платформаларда (криптобиржалар) ғана инвестиция жасауға болады. Мысалы, сізде теңге болса, сол платформалармен тығыз жұмыс істейтін екінші деңгейлі банкте шот ашып, сол арқылы биржадағы өз аккаунтыңызды толтырасыз және сонда өзіңізге ұнаған кез келген криптовалютаны сатып аласыз. Криптовалюталардың түрлері заңмен қадағаланады. Астана халықаралық қаржы орталығында шамамен 108 криптовалюта рұқсат етілген", - дейді ол.
Криптовалютаға инвестиция жасаудың қандай қауіптері бар?
Криптовалютаға инвестиция жасағысы келетін адамдар нені білу керек? Маман негізгі қауіпті атады.
"Криптовалютада үлкен қауіптер бар. Себебі криптовалютаның бағасы тұрақсыз. Бізде заң бойынша екі түрлі криптовалюта бар: қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген. Стейблкоиндар және биткоин мен альткоиндер. Стейблкоин (қамтамасыз етілген криптовалюта) деген белгілі бір валютаға байланған криптовалюта. Мысалы, USDT әрдайым доллар бағасымен тең болып тұрады.
Қамтамасыз етілмеген криптовалютаның бағасы тұрақсыз. Мысалы, бүгін бір биткоин 95 мың доллар. Шамамен жарты жыл бұрын ол 20 мың доллар болды. Оларды, мысалы, 20 мың доллар болған кезде сатып аласыз, көтерілгенін күтесіз, 90 мыңға жеткенде сатып жібересіз. Ол қор нарығындағы акциялар сияқты.
Қорытындылай келсек, қамтамасыз етілмеген активтер - алыпсатарлық (спекулятивті) құрал. Ал қамтамасыз етілген стейблкоиндарды тура ақша сияқты қолданасыз", - деп түсіндірді Дәурен Қарашев.
Алаяқтар айласы: адамдар криптовалютаға қалай алданады?
Дәурен Қарашев адамдарға қаржылық сауаттылығын арттыруға кеңес берді.
"Бұл Қазақстанда жаңа сала. Сондықтан құқық қорғау органдарына бұл саладағы алаяқтармен күресу қиындау. Оған қоса, қазақстандықтардың қаржылық білімі жеткілікті емес. Криптовалюта жайлы көпшілік біле бермейді. Ол тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде солай. Әдетте, зейнетке шығуға жақындаған адамдар алданады. Криптовалюта интернетпен, жаңа технологиялармен тығыз байланысты болғандықтан, оны үлкен кісілер мүлдем түсінбейді. Сол үшін олар алаяқтардың құрбанына айналады", - дейді осы сала өкілі.
Маман ең кең таралған алаяқтықтың түріне мысал келтірді.
"Интернетте жалған биржаның платформасын құрады, жалған криптовалютаның түрін ашады да, осыған инвестиция жасасаңыз, қыруар ақша табасыз дейді. Ал шын мәнінде ондай криптовалюта мүлдем жоқ. Оған адамдар ақша салады. Платформаны әдемі және шынайы етіп жасап қояды, сіз ақшаңыздың көбейіп жатқанын көріп отырасыз. Уақыты келгенде алаяқтар ақшаны алып, жоқ болып кетеді. Сіз құқық қорғау органдарына барғанда ғана оның жалған болғанын білесіз. Бірақ бұл кезде кеш болады", - дейді ол.
Криптовалютаға не сатып алуға болады?
Қазақстанда тура криптовалютамен төлем жасалынбайды.
"Мысалы, сіз сауда үйіне барып, киім сатып алғыңыз келді. Оған 50 USDT кетеді дерлік. Қазақстанның заң аясында оны қандай жағдайда сатып ала аласыз? Кейбір биржалар екінші деңгейлі банктермен тығыз жұмыс жасайды. Олар тез арада өздерінің платформасында 50 USDT-ні банк арқылы теңгеге айналдырып береді. Егер Астана халықаралық қаржы орталығындағы платформа екінші деңгейлі банкпен осындай жоба жүзеге асқан болса, сіз криптовалютаны осылай сауда орталықтарында қолдана аласыз. Ал тура криптовалютамен төлеуге болмайды. Бірақ шетелде кейбір мемлекеттерде тура криптовалютамен төлеуге болады. Себебі оларда криптовалютамен төлеуге бүкіл жағдай жасалған", - дейді Дәурен Қарашев.
depositphotos.com
Криптовалюта дегеніміз не?
ҚР цифрлық активтер туралы заңы бойынша цифрлық актив - цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік.
Криптовалюталардың ең біріншісі - биткоин. Блокчейнді қолдана отырып, ең бірінші валюта ретінде биткоин танылды. Биткоинді майнерлер шығарады және ол көп электр энергиясын қажет етеді. Сондай-ақ ол табиғатқа зиян. Кері әсері болмас үшін биткоинге балама ретінде басқа криптовалюталар пайда болды. Сондықтан да оларды альткоин (альтернатива) дейді. Альткоиндердің ішінде танымалдарына Ethereum, BNB сияқты криптовалюталар жатады.
Неліктен әлемде криптовалюта танымал?
Дәурен Қарашев криптовалюта ешқандай орталық органға бағынбайтынын айтты.
"Криптовалютаны біз үйренген доллар, теңгемен салыстыратын болсақ, теңге мен доллар Қазақстан мен Американың банктеріне тәуелді. Мысалы, бізде Ұлттық банк болса, Америкада өзінің құзыретті органы бар: олар айналымда қанша доллар болатынын қадағалап отырады. Ал криптовалютаға келгенде ол ешқандай орталық органға бағынбайды. Мысалы, қазір Ресейдегі санкцияның жағдайында рубльдің айналымы тежелген. Сіз Ресейдің карталарымен Еуропада төлем жасай алмайсыз. Бірақ кез келген ресейлік Еуропада криптовалютамен еш кедергісіз оның айналымын жасай алады. Өйткені криптовалюта орталық мемлекеттік органға бағынбайды", - дейді маман.
Маман криптовалюта айналымы қандай жағдайларда бұғатталуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Егер криптовалюта қылмыстық іс әрекетке қолданылған болса және ол анықталған болса, ол бұғатталуы мүмкін. Мысалы, USDT-ні (қамтамасыз етілген цифрлық актив) Tether компаниясы шығарады. Егер Tether-ге осындай транзакция аясында бір қылмыстық іс әрекет қаруландырылды деп шағымдансаңыз және дәлелдер келтірсеңіз, Tether оны бұғаттап тастайды. Тек осындай жағдайларда олардың айналымы бұғатталады немесе шектеуге түседі. Басқа жағдайларда оларды қадағалайтын орталық мемлекеттік орган жоқ. Сол себепті де олар танымал", - дейді Дәурен Қарашев.
Дәурен Қарашев Қазақстанда заң жүзінде біршама жұмыстар атқарылғанын, алайда оны іске асыру мәселесі ақсап тұрғанын айта кетті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова