Қазақстанда ұшаққа кешігіп қалсаңыз не істеу керек?

Жаз - саяхат маусымы. Көптеген қазақстандық басқа қалаға және шетелге демалуға немесе жұмыс бабымен ұшақпен барады. Жолға шығарда түрлі жағдай болады. Ұшаққа кешігіп қалсаңыз не істеу керек? Tengri Travel қазақстандық әуе компаниялардан жауап алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Air Astana

Тариф ережелеріне сәйкес билетті қайтару үшін жолаушы билетті сатып алған жерге жүгінуі керек. Егер билет Air Astana сайтында сатып алынған болса, онда жолаушы өтінімді сайтта рәсімдей алады. Егер билет агенттіктен сатып алынған болса, сәйкесінше жолаушы агенттікке жүгінуі керек.

"Жолаушы тіркеуге кешігіп келсе, авиакомпания борттан орын беруге кепілдік бере алмайды. Оған қоса, бронь жойылуы мүмкін, ал авиабилет құнын қайтару тариф ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Жоғарыда көрсетілген мерзімдерді сақтамау салдарынан келтірілген шығындар үшін авиакомпания жауап бермейтініне назар аударамыз. Тіркеуді және бортқа отырғызуды аяқтау мерзімдерімен әуе компаниясының сайтындағы "маңызды ақпарат" бөліміндегі сілтеме бойынша танысуға болады", – деп нақтылады авиакомпанияда.

Жолаушы ұшаққа кешігіп қалса, билетті тапсырудың қажеті бар ма?

"Егер тариф айыппұл ұстап қалып, басқа күнге қайта бронь жасауға мүмкіндік берсе, онда жолаушы өзгерістерді енгізу үшін билетті сатып алған жерге жүгіну керек", - деді баспасөз қызметі.

Fly Arystan

Баспасөз қызметі жолаушы рейске кешіккен немесе келмеген жағдайда пайдаланылмаған әуежай алымы ғана қайтарылатынын айтты.

"Алайда, жолаушылардың ішкі бағыттарға жоспарланған ұшу уақытына дейін 2 сағаттан кешіктірмей және айыппұл төлеу арқылы халықаралық бағыттарға жоспарланған ұшу уақытына дейін 3 сағаттан кешіктірмей брондаудан бас тарту мүмкіндігі бар. Қайтаруды өзіңіз flyarystan.com сайтында немесе FlyArystan мобильді қосымшасында рәсімдей аласыз. Егер билеттер басқа көздер арқылы сатып алынса, онда сатып алған жерге жүгіну керек. Билетті қайтару және одан бас тарту туралы толық нұсқаулықты біздің сайттағы мына сілтемеден білуге болады", - деп хабарлады авиакомпания.

Scat

Авиакомпанияның баспасөз қызметі егер жолаушы рейске кешігіп қалса, кез келген сұрақпен әуежайда орналасқан авиакомпанияның өкілдігіне жүгіне алатынын атап өтті.

"Әрине, билетті өзгертуге немесе тапсыруға болады. Бірақ рейске келмеген жағдайда билетті қайтару немесе айырбастау айыппұл санкцияларын қолдана отырып жүргізіледі. Айыппұлдың мөлшері билетті сатып алған тарифке байланысты. Жолаушы билетті сатып алу кезінде тарифтің шарттарын көреді. Қайтару және айырбастау сатып алған жерде жүзеге асырылады. Егер жолаушы билетті авиакомпанияның сайтынан сатып алса, онда қайтару немесе айырбастауды тікелей әуежайда авиатасымалдаушының кассасында рәсімдеуге болады. Басқа жағдайларда сатып алған жерге жүгіну қажет", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Qazaq Air

"Егер жолаушы рейсіне кешігіп қалса, ол өз қалауы бойынша билетті қайтара алады. Қайтару билетті сатып алу орны бойынша жүргізіледі. Жолаушы байланыс орталығына +77273561414 телефон нөмірі немесе info@flyqazaq.com поштасы арқылы хабарласа алады:  бұл кезде билет нөмірін айту керек. Айырбастау және қайтару шарттары, сондай–ақ қайтару сомасының мөлшері сатып алынған тарифті қолдану ережелеріне байланысты",  -деп хабарлады баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Ұшақ кешіксе, тасымалдаушыдан не талап ете аласыз?

 Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз