Жазда көпшілік демалыс алып, басқа қалаға немесе ауылына қыдырып барады. Бірақ аяқ асты жоспарыңыз өзгеріп, билетті кейін тапсыру керек болса не істеу керек? Пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттің ақшасын қайтара аласыз ба? Бұл сұрақтарға "Tengri Travel"-ге "Жолаушылар тасымалы" АҚ жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазғы демалыс маусымының басталуымен ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды пойыздан қажетті күнге орын алу үшін және қолайсыздықтар туындамас үшін сапарларын алдын ала жоспарлауды және билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынды.
"Пойыздағы төменгі орындар әрқашан жоғары сұранысқа ие. Оған қоса, еңбек демалысының маусымы және мектеп каникулы басталған кезде жолаушылар ағыны тіптен жоғары болады. Соған байланысты билеттер тез сатылып кетеді. Жолаушылар пойызының билеттері 45 күн бұрын сатылып бастайды да, пойыз жөнелтілгенге 10 минут қалғанда аяқталады. Қала маңындағы пойыздарға билеттерді жөнелтілуге 10 тәуліктен 10 минут қалғанға дейін сатып алуға болады", - деп нақтылады "Жолаушылар тасымалының" баспасөз қызметі.
Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес билеттерді пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағаттан кешіктірмей қайтару керек.
Әрбір жолаушы ережелерде көзделген мерзімде қанша билет сатып алса (бір адамға төрт билеттен артық емес), сонша билет қайтара алады.
Сонымен егер сіз пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттерді тапсырып, ақшаның қандай да бір бөлігін қайтара аласыз. Бірақ ол үшін, мысалы, пойыз сіз келердің алдында кетіп қалған болса, билеттерді жылдам бір сағат ішінде қайтаруыңыз керек.
Оқи отырыңыз: Баланы басқа қалаға неше жастан бастап ұшақпен немесе пойызбен өзін жіберуге болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!