Қазақстанда мектеп оқушыларын бағалау жүйесіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, 2–4-сынып оқушылары үшін жиынтық бағалау жүйесін (БЖБ және ТЖБ) алып тастау жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды.
Жобаға сәйкес, бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктері енді қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағалануы мүмкін. Ал 5–11 (12)-сынып оқушылары үшін қазіргі бағалау жүйесі сақталады. Олар бұрынғыдай бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалаудан (ТЖБ) өтеді.
Сонымен қатар тоқсандық бағалар сақталады. Олар оқушылардың білімін бағалау нәтижелері негізінде қойылады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, өзгерістер бағалау жүйесін жетілдіруге және оқушылардың білімін бағалаудағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтуде. Талқылау 2026 жылғы 21 тамызға дейін жалғасады. Осыдан кейін құжатты бекіту немесе оған өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова