Қазақстанда жатыр мойны обыры - әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі. Елімізде жатыр мойны қатерлі ісігіне қанша әйел шалдыққан? Адам папилломасы вирусы мен жатыр мойны қатерлі ісігінің арасында қандай байланыс бар? Толығырақ Massaget.kz материалында.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Massaget.kz сауалына берген жауабында 2022 жылы жатыр мойны обырының - 1934 жағдайы, 2023 жылы - 2035 жағдайы, биылғы 9 айда - 1416 жағдайы тіркелгені айтылған. Бұдан жатыр мойны обырына шалдыққан әйелдер саны жылдан жылға артып келе жатқанын байқауға болады.
Оған қоса, Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші және репродуктивті жастағы (25-44 жас) әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімінің екінші себебі болып табылады.
Алматы онкология орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова жатыр мойны қатерлі ісігінің белгілерін атады.
"Көбіне әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігінің бастапқы кезеңінде ешқандай белгі сезбеуі мүмкін. Ісік көлемі артқан кезде байқалатын белгілерге жыныстық жолдардан қан кету, іштің төменгі бөлігінің ауыруы, белдің ауыруы жатады. Жыныстық жолдардан су-қан аралас бөліністі байқаған кез келген әйел бірден гинеколог маманға қаралуы керек", - деді онкогинеколог.
Онкогинеколог жатыр мойны обырының пайда болуының ең басты себепкері - адам папилломасы вирусы екенін айтты.
"Жатыр мойны қатерлі ісігі негізінен адам папилломасы вирусымен шақырылады. Профессор Харальд цур Хаузен адам папилломасы вирусының жатыр мойны қатерлі ісігіне қатысы бар екенін дәлелдеп, сол жаңалықты ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған. Әлемде адам папилломасы вирусының 200-ден астам түрі бар, соның ішінде 14 түрі адамға қауіпті. Адам папилломасы вирусының осы 14 түрі жатыр мойны қатерлі ісігінің себепкері бола алады. Соның ішінде 16-шы және 18-ші түрі ең жиі кездесетін және ең агрессивті түрі болып саналады", - дейді Райхан Болатбекова.
Сондай-ақ маман жатыр мойны қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын тағы екі факторды атады:
Жоғарыда айтылғандай, жатыр мойны қатерлі ісігінің бастапқы кезеңінде ешқандай белгі байқалмауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер түрлі қатерлі ісіктердің алдын алу үшін жүйелі түрде тексерістерден өтіп тұруға кеңес береді.
Қазақстанда әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін скринингтен өте алады.
"Жатыр мойны обырын ерте анықтау мақсатында 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмаған әйелдер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеуге жатады", - делінген комитет жауабында.
Биыл елімізде қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы жоспарлы түрде вакцинациялау басталды. Бұл жаста ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда вакцинацияның ең жоғары тиімділігі (ең тұрақты иммунитет) қалыптасады.
АПВ-ға қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және халықтың жалпы денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға және онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес және ДДСҰ-ның ұстанымын және Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын ескере отырып, биыл қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы жоспарлы түрде вакцинациялау басталды. Сонымен қатар 12 және 13 жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі", - деді комитетте.
АПВ-ға қарсы вакцинация жасөспірім қыздарға ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қыз салғызғанын жазған болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!