Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша семіздікпен ауыратын балалардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға өскен. Балалардағы семіздік неден пайда болады және қалай оның алдын алуға болады? Massaget.kz тілшісі мамандармен сұхбаттасты.
Артық салмақ пен семіздіктің таралуы әлемнің көптеген елінде жаһандық проблемаға айналды.
Massaget.kz редакциясы Қазақстандағы семіздікпен ауыратын балалар санына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментіне сұрау жіберді.
"2023 жылы Қазақстанда 3 086 бала семіздікпен ауырды, оның ішінде 0-14 жас аралығында 2 368 бала (ұл – 1 272, қыз – 1 096), 15-17 жас аралығында 718 бала (ұл – 359, қыз – 359). 2024 жылдың жарты жылдығында 2 249 бала семіздікке шалдықты, оның ішінде 0-14 жас аралығында – 1 669 бала, 15-17 жас аралығында – 580 бала семіздікпен ауырды. Қазақстанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша семіздікпен ауыратын балалардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға өсті (2023 жылы – 3 086 бала, 2022 жылы 2917 бала)", – делінген хабарламада.
Балалардағы семіздік – ағзадағы артық майлардың жиналуымен жүретін созылмалы ауру.
Ақтөбе қаласының 3 қалалық емханасының педиатры Замира Қабделова балалардағы семіздікке жиі дұрыс емес өмір салты әсер ететінін айтты.
"Семіздіктің негізгі себептері – дұрыс емес өмір салты, төмен физикалық белсенділік және дұрыс тамақтанбау/артық тамақтану. 2% жағдайда ғана зат алмасу бұзылуларына, эндокриндік патологияға, белгілі бір дәрілерді ұзақ уақыт қабылдауға (гормондық препараттар, антидепрессанттар) және тұқым қуалайтын факторға байланысты", – дейді педиатр.
Дәрігер қазір балалар компьютер немесе теледидар алдында, смартфонмен ұзақ уақыт қимылсыз отыратынын және зиянды өнімдердің агрессивті жарнамасына ұшырайтынын атап өтті.
Замира Қабделова балалардағы семіздіктің пайда болуының негізгі себептерін атады:
Дәрігер ата-аналарға баланы дәрігерге уақытылы көрсету өте маңызды екенін ескертті.
"Балаңыз салмақты көп қосып жатқандай болса, педиатрмен кеңесіңіз. Дәрігер баланың бойы мен салмағын өлшеп, олардың қатынасын тексереді және баланың өсу тарихын зерттейді. Сол арқылы баланың салмағы дұрыс диапазонда тұр ма, жоқ па анықтайды", – дейді ол.
Психолог Әсем Ілесбай балалардағы семіздіктің психологиялық та себептері болатынын айтты.
"Баладағы артық салмақ бірнеше факторлардан тұрады. Ол эндокриндік бұзылыс, неврологиялық бұзылыс, клиникалық бұзылыс та болуы мүмкін. Жұлынның проблемасы да белгілі бір деңгейде артық салмаққа әкеледі. Мысалы, егер баланың нейродинамикадағы тонусы дамыған және жоғары болса, артық салмақпен проблема болмауы керек. Егер ол төмен болса, балада артық салмақпен проблема болады. Өйткені ондай балалар невроздық әлсіз болады. Артық салмақ белгілі бір невроздың да салдарынан болады. Мысалы, бала белгілі бір ақпаратты қорыта алмаған кезде, баланың көңілі болмаған кезде бала күйгелектенеді, бірақ ол ешқайда шықпаса, ол неврозға айналады. Сондықтан невроздық артық салмақ пайда болады", – дейді психолог.
Психологтың айтуынша, бала өз сезімдерін сыртқа шығармаса, ол артық салмақтың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
"Егер баланың эмоционалды интеллекті төмен болса, ол белгілі бір эмоцияларды сыртқа шығарудың орнына іште сақтайды, соның салдарынан балада артық салмақ туындайды. Сондықтан ата-ана баланың эмоционалды интеллектісіне аса мән беру керек. Бала 3 жасқа келгеннен бастап, оның эмоционалды интеллектісінің қалыптасуына көмектесу керек. Мысалы, Алмат ашуланып тұр, Алмат ренжіп тұр, Алмат өзін біртүрлі сезініп тұр, Алматқа бұл ұнамай тұр деп баланың эмоционалды интеллектісінің қалыптасуына, баланың өз сезімдерін түсінуіне көмектесуіңіз қажет", – дейді маман.
Психолог Әсем Ілесбай баланы қай кезде психологқа көрсету керегін айтты.
"Баладағы артық салмақпен күресті бастамас бұрын алдымен клиникалық бұзылыстарды жоққа шығару керек. Эндокринологқа барып гормондарға анализ тапсырып, қалқанша безді тексерту керек. Гастроэнтерологқа барып, бауыр, асқазан, өт жолын тексерту маңызды. Содан кейін невропатологқа да көріну керек. Себебі ми механизміндегі белгілі бір бөліктердің жеткіліксіз жұмыс істеуі де артық салмаққа әкеледі. Солардан соң психолог баланың психологиялық себебімен жұмыс істейді", – дейді маман.
Балалардағы семіздік мынадай асқынуларға әкелуі мүмкін:
Диетолог Махаббат Ибрагим баланы семіздік және эндокриндік аурудан сақтау үшін мына ережелерді сақтауға кеңес берді:
1. Уақытылы ұйықтау. Бала сағат 21:00–21:30 шамасында ұйықтауы керек;
2. Физикалық белсенді болу (баланың қабілетіне сай спорт түрін тандаңыз);
3. Гаджет уақытын шектеу;
4. Күнделікті таза ауада серуендеу;
"Күнде баламен 30-60 минут серуендеуге тырысыңыз. Бұл бір жағынан физикалық белсенділік, екінші жағынан бала күн көзінен керекті Д дәруменін алады", – дейді маман.
5. Дұрыс тамақтану;
"Тамақ рационы ақуыз, пайдалы майлар әрі жасұнықтарға бай болуы тиіс, күрделі көмірсуларды таңғы және түскі аста қолдану керек (сұлы, қарақұмық, қоңыр күріш, жабайы күріш, бидай, тары), сондай-ақ көкөністер көп жеу керек. Фаст-фуд, шұжық, консервіленген өнімдерді шектеңіз", – дейді Махаббат Ибрагим.
6. Пайдалы тіскебасарлар жеу. Тіскебасарға жемістер (көк алма, банан, алмұрт, жүзім) және жаңғақтар (грек жаңғағы, бадам, кешью) және кептірілген жеміс-жидектер пайдалану керек.
7. Рационнан зиянды тұздықтарды алып тастау. Кетчуп, майонез және әртүрлі синтетикалық дәмдеуіштерден бас тарту керек.
"Олардың құрамындағы E131, E142, E210–217, E239, E330 канцерогенді болып табылады, ал E220 B12 дәруменін бұзады, E221–226 асқазан-ішек жолы жұмысын бұзады, E338, E340, E341, E407, E450, E461–463, E466, E468 асқорытуды бұзады", – дейді диетолог.
8. Газдалған және энергетикалық сусындардан бас тарту. Олардың орнына қарапайым су, кептірілген жемістерден дайындалған компот, мүкжидек морсы, үй лимонадын және жеміс-жидектерден жасалған смузилер ішкен дұрыс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!