Қазақстанда қатерлі ісіктен жылына 12 мыңнан астам адам қайтыс болады

Қазақстанда қатерлі ісіктен жылына 12 мыңнан астам адам қайтыс болады
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурулардың 40 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, ал обырдан жылына 12 мыңнан астам адам қайтыс болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда обырдың мына түрлері ең көп таралған:

  • Сүт безі обыры - 5 652 жағдай;
  • Колоректальдық обыр - 4 029 жағдай;
  • Өкпе обыры -3  833 жағдай;
  • Асқазан обыры - 2 907 жағдай;
  • Жатыр мойны обыры - 1 921 жағдай.

2024 жылдың соңында 230 мыңнан астам онкологиялық пациент динамикалық бақылауда болды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артық.

Онкоскринингтерді, заманауи диагностикалық технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу, сондай-ақ онкологиялық дәрігерлердің біліктілігін арттыру ауруларды ерте анықтау деңгейінің өсуіне және өлімнің төмендеуіне ықпал етті.

"Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде тегін ұсынылады. Мемлекет МӘМС жүйесіндегі пациенттің мәртебесіне қарамастан, онкологиялық ауруларды диагностикалауға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және емдеуге арналған барлық шығыстарды жабады", - делінген хабарламада.

Министрлік азаматтарды емханаларда үнемі тегін онкологиялық скринингтерден өтуге және онкологиялық ауруға күдік туындаған жағдайда дереу медициналық мекемелерге жүгінуге шақырады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget