Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы отандық DVC препараты науқастарға клиникалық сынақтан өткізіле бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Саясат Нұрбектің сөзінше, бұл жұмыстар Назарбаев университеті базасындағы Астана ұлттық зертханасында жүргізіліп жатыр.
"Былтыр адамдарға клиникалық сынақ кезеңі өткізілді. Енді бұл сынақтарды Астанадағы онкологиялық орталықта аяқтап жатырмыз. Сондай-ақ, өңірлік онкологиялық орталықтар қосылды, оның ішінде Қарағанды бар", - деді министр.
Шенеунік препаратты шығару кешігіп жатқанын, себебі заңнама талаптарын сақтау қажет екенін мәлімдеді.
"Ұлттық заңнама талаптарын орындаймыз, енді препаратты тіркеу үшін халықаралық регламенттерді де орындау қажет. Олардың стандарттары өте қатаң, сондықтан адамдарға қосымша клиникалық сынақ қажет болды", - деді ол.
Министрдің айтуынша, дәріні сынау биыл аяқталып, тіркеуге ұсынылмақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз