Қазақстанда есту аппараттарымен қамтамасыз ету тәртібі өзгерді

Қазақстанда есту аппараттарымен қамтамасыз ету тәртібі өзгерді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету тәртібі өзгерді. Енді медициналық көрсетілім болған жағдайда пациенттер мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппаратын ала алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін есту аппараттары тек ауыр дәрежедегі есту кемістігіне байланысты мүгедектігі бар азаматтарға берілсе, енді сурдолог дәрігердің қорытындысы негізінде мұқтаж пациенттердің кең ауқымы қамтылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Сәдуованың айтуынша, басты мақсат – есту қабілеті бұзылған адамдарға уақытылы көмек көрсету және олардың өмір сапасын жақсарту.

Жаңа жүйе аясында азаматтарға тек есту аппараты ғана емес, оны жеке іріктеу, баптау, құлақ қалыптамасын дайындау, пайдалануды үйрету, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсету сияқты кешенді қызметтер ұсынылады.

Қазіргі таңда қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық жұмыстар аяқталған. Алдағы кезеңде өңірлерде қаржыландыру бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget