Модель және актер Алмаз Мержакыпов "Dope soz" подкастында Қытайда модель болу тәжірибесімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Модель жігіт Қытайда сән индустриясында түрі еуропалыққа жақын, бойы ұзын жігіттер сұранысқа ие екенін айтты.
"Мен үшін модель болудың артықшылықтары - тегін саяхаттау және жақсы суреттер алу. Қытайға барғанда ең бірінші алған жұмысымда "сеннен сұраса, қытай мен еуропалық араласпын деп айтты" деді. Оларда бұл сұранысқа ие. Бірден үлкен шоу болды. Тастардың арасынан жүріп өттім, арасында құлап қала жаздадым. Аяқ киім тайғанақ. Бірақ абыроймен жүріп өттім. Бір күн бойы дайындалып жүресің де, 3 минутта жүріп өтіп кетесің", - дейді ол.
Алмаз Мержакыпов Қазақстанда және Қытайда модельдердің жұмысына ұсынатын баға жер мен көктей екенін айтты.
"Әр нарық әртүрлі өмір сүреді. Бұл индустрия Қазақстанда дұрыс дамымаған. Шыны керек, мен Алматыда агенттікке қол қойдым. Жұмысқа шақырар алдында мынақ жақта 20 мың теңге түсу керек болып жатыр дейді. Көп уақытын кетеді. Сосын мен оларға "үлкен жобалар болып жатырса, шақырыңыздар" дедім. Мен ол кезде университет аяқтап, дипломдық жұмыс жазып жатырмын. "Үлкен жоба болса ғана шақырыңыз, басқа жұмыстарға дипломдық жұмысымнан алаңдамай-ақ қояйын" дедім. Содан мені "Pepsi"-дің жарнамасына шақырды. Оның қолданылуы 1 жыл болды. Қытайдағы 3 ай қолданыс үшін беретін баға мен біздің Қазақстанда беретін бағаның айырмашылығы жер мен көктей.
Әрине, нарықты түсінемін. Бір Шанхайдың өзінде 20 миллион адам тұрады. Ол біздің елдегі бүкіл адам санымен тең. Бірақ соның өзінде айырмашылық қатты үлкен. Егер сол "Pepsi"-ге Қытайда түсетін болсам, Қазақстанда ұсынған бағадан 5 есе көп алатын едім. Мені Гонконгта "Ford"-қа алуға аз қалды. Негізі режиссерге ұнап тұрсың деп өлшемімді алып алған. Мысалы, сол жақта 3 ай 3 мемлекетте қолдану үшін 400 мың бат (5 миллион теңге) төлейтін еді. Бұл орташа баға. Одан көп беретіндер де, аз беретіндер де бар", - дейді модель.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз