24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Қызмет тек онлайн форматта, яғни eGov.kz электрон үкімет порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркеуден өту үшін азаматқа электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және жеке кабинетіне тіркелген телефон нөмірі (МАБ) қажет. Бұл рәсім толық автоматтандырылған және онлайн түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімінде онлайн рәсімдей алады.
14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркеуге тұрмайды. Ал 14 пен 16 жас аралығындағы балаларды ата-аналары немесе заңды өкілдері тіркейді. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған 18 жастан асқан азаматтарды да олардың қорғаншылары eGov.kz порталы арқылы жаңа мекенжайға тіркей алады.
Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға қатысты да өзгерістер енгізілді.
"Енді мұндай үйді жалға алушы шартта көрсетілген тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тіркей алады. Өтініш беруші жалдау шартындағы тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде қайтарады", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, өтініш иесі өзіне тиесілі емес мекенжайға тіркелуге өтініш берсе, жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS код жібереді. Тұрғын үйдің иесі хабарламаны алған сәттен бастап бір сағат ішінде келісімін растауы қажет.
Ерекше жағдай: меншік иелері немесе үлескерлері кәмелетке толмаған балалар, сондай-ақ, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар болса, мекенжайы бойынша тіркеу тек офлайн, яғни Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!