Етеккір демалысы кейбір елдердің еңбек заңнамасының бір бөлігіне айналған. Мұндай нормалар Жапония, Испания, Португалия және басқа да бірқатар мемлекетте бұрыннан бар, ал жақында олардың қатарына Черногория да қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ал Қазақстанда етеккірге байланысты бөлек демалыс берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақын арада оны енгізу жоспарда жоқ екенін хабарлаған.
Ведомство бұл саладағы халықаралық тәжірибе зерттеліп жатқанын, алайда қазір еңбек заңнамасына тиісті өзгеріс енгізуге негіз жеткіліксіз екенін мәлімдеген.
"Министрліктің заң шығару жұмыстарының жоспарында әйел қызметкерлерге физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты демалыс енгізу көзделмеген", - деді министрлік өкілдері.
Десек те ведомство өкілдері қолданыстағы заңнамада қызметкер жағдайға қарай пайдалана алатын демалыстың басқа түрлері қарастырылғанын айтты.
Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес азаматтар мынадай демалыс түрлерін рәсімдей алады:
- негізгі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы;
- жалақысы сақталмайтын демалыс;
- оқу демалысы;
- жүктілікке және бала тууға байланысты демалыс;
- жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс;
- бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс;
- скринингтен өту үшін жылына үш жұмыс күніне дейінгі демалыс;
- 12-аптаға дейінгі мерзімде жүктілігі бойынша медициналық есепке тұру үшін кемінде үш жұмыс күніне дейін демалыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова