8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кімдерге біржолғы әлеуметтік көмек берілетіні белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көптеген өңірде көмек алудың негізгі шарты - көпбалалы ана мәртебесі. Ең алдымен төлем мемлекеттік наградасы бар әйелдерге беріледі:
Кейбір қалаларда, мысалы Астана мен Қарағандыда көпбалалы отбасылар (төрт және одан да көп баласы бар) және аз қамтылған аналар да көмек алады.
Елорда әкімдігі 8 наурызға орай 37 мыңға жуық азамат біржолғы әлеуметтік көмек алатынын мәлімдеді. Оған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар, соның ішінде аз қамтылғандар жатады. Төлем мөлшері - 2,5 АЕК, бұл - 10 813 теңге.
Төлем "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған аналарға, сондай-ақ, Астанада тіркелген және тұрақты тұратын аз қамтылған аналарға беріледі.
Ақмола облысында көмек мөлшері ауданға байланысты. Әкімдік мәліметінше, 8 наурызға орай "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған аналарға төлем қарастырылған.
Сомасы 2-ден 5 АЕК-ке дейін (8 650-ден 21 625 теңгеге дейін).
Қарағанды облысында 8 наурызға орай 25 042 адамды қамту жоспарланып отыр.
20 000 теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмекті 23 422 адам алады. Олар - "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталғандар, "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденін алғандар, сондай-ақ, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасылар.
Маңғыстау облысында "Алтын алқа", "Күміс алқамен" наградталған, бұрын "Батыр ана" атағына немесе I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденіне ие болған көпбалалы аналарға 15 000 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек төленеді.
2026 жылы оны 14 мыңға жуық адам алады.
Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 188 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. "Алтын алқамен", "Күміс алқамен" марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған әйелдерге 20 000 теңге мөлшерінде төлем беріледі. Бүгінде өңір бойынша осы санатқа жататын аналардың саны - 9 375.
Шымкентте 5 АЕК, яғни 21 625 теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.
Мұндай көмекті қалада тұрақты тіркелген, сонымен қатар, "Алтын алқамен", "Күміс алқамен", "Батыр ана" атағымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған әйелдер ала алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!