Қазақстан мен Сауд Арабиясы әуе қатынасын жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлік министрлігі мәліметінше, 26 тамызда Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) Қазақстан Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қою рәсімі өткен.
Құжатқа қол қою азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны нығайтып, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашқан.
"Келісім сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ, туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар тұрақты рейстердің рұқсат етілген санын аптасына 28 рейстен 70 рейске дейін ұлғайтты", - деп жазылған хабарламада.
Қол жеткізілген уағдаластықтар нәтижесінде тасымалдаушылар Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды, сондай-ақ, Сауд Арабиясының басқа қалаларына орындалатын бағыттар санын арттыруды жоспарлап отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!