Қазақстан азаматтары жазда бір күн демалыстан қағылады

Қазақстан азаматтары жазда бір күн демалыстан қағылады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Биыл Қазақстан азаматтары 30 тамыз - Конституция күні демалмайды. Бұл ақпаратты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс дәлізінде журналистер вице-министрден "биыл 30 тамызда азаматтар демала ма?" деп сұрады.

Виктория Шегай енді Қазақстанда Конституция күні 15 наурызда атап өтілетінін айтты.

"Жоқ (30-ында демалмайды - еск.). Өйткені, өздеріңіз білесіздер, жаңа Конституция қабылданып, күшіне енген сәттен бастап 15 наурыз ресми түрде Конституция күні болады", - деп жауап берді вице-министр.

Айта кетейік, жаңа Конституция биыл 1 шілдеде күшіне енеді. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев та 30 тамыздағы Конституция күні тиісті заң күшіне енгеннен бастап мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылатынын айтты.

Еске салайық, енді Қазақстанда жаңа Конституция күні - 15 наурыз.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget