Желіде қазаға байланысты көңiл айтқанда "иманды болсын деп айту - дұрыс емес" деген пікірлер кездеседі. Қайтыс болған адамға "марқұм" деп айту және жақыны өмірден өткен адамға көңіл айтқанда "иманды болсын" деу дұрыс па? Бұл сөздердің мағынасы қандай? Қазақтар ертеде көңіл айтқанда қандай сөздер айтқан? Бұл сұрақтарға ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы және этнограф Болат Бопайұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы қазаға байланысты көңiл айтқанда "иманды болсын" деп бекер айтылмайтынын түсіндіріп берді.
"Адам баласы мына өмірде әрбір жасаған ісі үшін жауап береді. Егер ол Алланы риза ететін іс жасаса, еселеген сауаптарға бөленеді. Ал егер Алланың ашуын тудыратын күнәлі істерге барса, онда оның тиісті жазасын алады. Сондықтан да адам о дүниеге барғанда оны құтқаратын нәрсе - тек иманы. Өйткені оның туысы да, жинаған байлығы да, билігі де, осы өмірде алған атақ-абыройы да, оның жасы да ешқандай көмектеспейді. Тек оған араша түсетін нәрсе - оның иманы. Егер адам осы өмірде иманын кірлетпей, оны сақтап, имандылығын арттырып, оны жоғары дәрежеде ұстайтын болса, оны құтқаратын осы иманы. Сондықтан қазақ "иманды болсын" деп бекер айтпайды. Немесе "иманы саламат болсын", яғни "иманы сау болсын" дейді. Сондай-ақ "иманы өзіне серік болсын" деп те айтады. Мұның барлығы түбінде дұға бағытында, дұға-тілек ретінде айтылған. Біреу қайтыс болды десе, "иманды болсын, иманы өзіне серік болсын" дейміз. Бұл қайтыс болған адамға иманы ғана көмектеседі деген мағынада айтылған. Бұл "иманы көмекке келсін, жәрдемші болсын" деген дұға-тілек. Қазақта сондай-ақ "жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын" деген жақсы сөз бар, бұл да мағынасы өте терең және жақсы ниетпен айтылған сөз", - дейді маман.
Елбек Тасболатұлы "марқұм" сөзі қандай мағына білдіретінін айтты.
"Марқұм" деген сөз де - дұрыс сөз. "Марқұм" деген сөз "Алланың рақымына бөленсін", "Алланың мейіріміне бөленсін", "Алланың жақсылығына кенелсін" деген мағынада айтылады. "Марқұм" деген сөзді де дұрыс мағынада айтылған дұға-тілек деп қабылдау керек", - деді ол.
Жақын адамын жоғалтқан адамға қолдау өте қажет. Этнограф Болат Бопайұлы қазақтар ертеден көңіл айтудың өзіндік әдебі мен тәртібін сақтағанын айтты.
"Қазақ халқының баяғы заманнан қалыптасқан қазаға көңіл айту дәстүрінің де өзіндік әдебі, тәртібі, шектемесі, мазмұны, мәдениеті болған. Қара жамылып адамынан айырылып отырған басы қаралы, жүрегі жаралы болып, қабырғасы сөгіліп, көзі жасыты болып отырған отбасындағы үлкенді-кішілі адамдарының көңілін аулап, жақсы сөз айту, көңіл айту оңай емес. Сондықтан айтылатын сөз мағыналы, әдепті, қысқа, нақты, ұғымды, мәні терең және көңілге қонымды сөз болуы керек. Қайғырған адамды жұбата да уата да алатын сөздерді таңдап айту ежелден қалыптасқан үрдіс.
Мұнда бақиға қайтқан адамның жасына, жынысына және отбасындағы орны мен қоғамдағы беделіне де қарай айтылатын тұстары бар. Егер отағасы болса "Бәйтерек жығылған екен. Қара тау құлаған екен. Оңай емес. Алла алдынан жарылқасын, жатқан жері жаннат, жамылған топырағы торқа болсын, жаны бейіште шалқысын. Жасамаған жасын артында қалған ұрпағына берсін. Сабырлы болыңыздар" деген сөздерді қолданады. Егер отанасы болса "Үй шырағы сөнген екен. Жақсы ана еді. Алла иманын жолдас етсін. Алдынан жарылқасын, жаны жанатта болсын. Сабыр етіңіздер" деген тәрізді сөздер қолданады.
Кейде "Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ, қияғы бүтін Сұңқар, тұяғы бүтін Тұлпар жоқ. Ешкім мәңгілік емес, ол адам ешқайда кеткен жоқ, бәріміз баратын жерге кетті. Жыламаңыздар. Жылау-жылауға қосады. Алла алдынан жарылқасын, қазаға сабыр берсін, алды иманды, арты қайырлы болсын. Артындағы ұрпақтары аман болып, арты тойға ұлассын" деген сөздермен жұбатып көңіл айтады.
Кейде "Алланың бергеніне де алғанына да разы болыңыздар. Қамшы сабындай, сиыр жасындай қысқа ғұмыр. Түгел жүрмейді, түгелісіп қалмайды. Ат тұяғын тай басар. Ұлы бардың өзі бар, қызы бардың ізі бар. Артындағы ұрпақтары аман болсын. Артқы ұрпақтың тілеуін тілеңдер. Кеткен келмейді. Тірі пенде тіршілігін көреді. Берік бекем болыңыздар. Тәуекел түбі - жел қайық, мінесің де өтесің. Уайым түбі - теңіз, батасың да кетесің. Тәуекел етіңіздер. Жылау қайтқан адамды қайта қайтара алмайды" деген тәрізді жақсы ой салатын сөздермен көңіл айтып жүдеп-жадап, жылап-сықтап отырған адамдардың қайғысына ортақ болып, жақсы сөзбен жандарын серпілтеді. Міне осындай сөздерді көңіл айту сөздері дейді", - деді Болат Бопайұлы.
Оқи отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарыла ма?