Қайсар Қамзаның ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған блогер Қайсар Қамзаға қатысты қылмыстық істе жаңа мәлімет бар екенін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайсар Қамза 2026 жылы 6 тамызда Қазақстанға экстрадицияланған. Ол аса ірі мөлшерде табыс тауып, лицензиясыз электрон казино мен интернет казино қызметін заңсыз ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген.

"6 тамызда Қ.Қамза ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі және 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Вьетнам Социалистік Республикасынан Қазақстан Республикасына экстрадицияланды, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын", - деді ҚМА өкілдері.

ҚМА ақпараты бойынша Қамза биыл маусымда Вьетнам аумағында ұсталған. Кейін Қазақстан тарапы экстрадициялау туралы сауал жолдаған. Нәтижесінде блогер Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ұстап беру туралы шартқа сәйкес қазақстандық тарапқа берілген.

ҚМА бұдан бөлек тағы төрт адамның процессуалдық мәртебесі туралы хабарлады. Осы қылмыстық іс бойынша Дмитрий Дружински, Марина Левкович-Гинзбург, Дмитрий Пунин және Марина Ильина күдікті деп танылған.

Айта кетейік, Қайсар Қамза - танымал инфлюенсер. Оның Instagram парақшасына 2,2 миллионға жуық адам жазылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!