Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі, кино және театр актрисасы Жұлдыз Әбдікәрімова жақында соттасайын деп жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, сотқа берейін деп жатқан адам ұзақ уақыт бойы достасып, сырын біліп, алдап келген көрінеді.
"Ол кездер мен үшін сынақты күндер еді. Жаным қиналып, айналамнан ақыл сұрайтын адам таппай, басымды тауға да, тасқа да соғып жүргем. Сөйтіп сенделіп жүргенде күндей жарқ етіп, алдымнан бір кісі шықты. Бәлкім,менің құтқарушым осы болар деген ой жылт етті. Содан ол адам іші-бауырыма кіріп, мұңымды тыңдап, сырымды біліп, үйімнен талай ас ішті. Сөйтсем, оның өз жоспары болған екен. Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында", – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аталған адам оның сеніміне кіріп алғаны соншалық, тіпті бірнеше құжатқа қол қойдырып алыпты.
"Қит етсе халымды сұрап, менің басымдағы проблемамды өзінікіндей көріп, уайымдап жүрді. Мен болсам, ештеңеден хабарым болмай, Жаратқанға алғыс айтумен болдым. Қысқасы, қасымда жарты жыл жүріп, мендегі бар құнды дүниені санап жүрген екен. Мен өз қайғымнан есімді жия алмай жүргенде, ол біраз құжатқа қолымды қойдырып алды. Ертең сол кісімен кездесуге барамын. Мәселе шешілмесе, сотта кездесеміз. Егер оқырманым талап етсе, соттың ашық түрде, ел алдында онлайн трансляциялануын талап етемін. Сотта оқиға бүге-шүгесіне дейін айтылады. Әділ өтеріне сенемін. Ол адаммен 2 жыл бойы телефонмен сөйлескен әңгіменің барлығы заңды түрде делоға тігілді", – деп мәлімдеді өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін Жұлдыз Әбдікәрімова өзінің алданып қалғанын айтып, жазба жариялаған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!