Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков Президентке үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұртас Айдарбековтің сөзінше, ол ұшуы керек болған рейс әбден кешігіп, бірақ ұшқан.
"Құрметті біздің еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға. Менің сізге қоятын сауалым: еліміздегі әуекомпаниялар біздің елдің заңына бағынатын компаниялар ма? Әлде өздері ешкімге тәуелсіз, ешкімнің алдында жауап бермейтін компаниялар ма? Осы жайлы білгім келеді.
Бұл сауалды қою себебім: мен Қазақстан азаматы болғандықтан және өзімнің шаруаларыма байланысты ұшақта көп жүретінім рас, бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Мысалы, бүгін болған жайтты айтар болсам, 11-іне қараған түні 01.50-де Астана қаласынан Алматыға ұшатын ұшақ таңғы 5-тен асқанда әрең ұшты. Бір кісі келіп, "осындай жағдай болып жатыр, кешіріңіздер, техникалық ақау болып жатыр" деп ескертпей, жай ғана "бірнеше уақытқа кешікті" деп таңғы 5-ке дейін әуежайда отырдық. Бұл қалай? Ол кісілердің шаруасы жүріп жатыр. Ал біз, қара халық, біз де кешіктік, біздің де шаруамыз бар. Мысалы, мен Астанадан Алматыға келіп, одан әрі тағы жүруім керек болатын. Осыған жауап беретін адам бар ма? Әлде сіздің тапсырмаларыңызды, қойған талаптарыңызды мүлде тыңдамайтын болғаны ма?", - дейді Нұртас Айдарбеков.
Еске салайық, биыл 16 қаңтарда қазақстандық әуекомпанияға жолаушы аш қалғаны үшін айыппұл салынған болатын. Бұл оқиға былтыр болған, алайда сот істі жақында ғана қарапты.
Qazaq Air әуекомпаниясының Ақтөбеден Астанаға бағытталған рейсі 4 сағат 40 минутқа кешіккен. Бұл рейстегі жолаушылардың бірі әуекомпаниядан тамақ пен сусын сұраған, бірақ компания оның талабын орындамаған. Кейін жолаушы мемлекеттік органға шағым түсіріпті.
Нәтижесінде Qazaq Air әуекомпаниясына тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде жолаушыға қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әуекомпания өкілі істі тоқтатуды сұрап, дәлелдер келтірді.
Компания өкілдері күндізгі уақытта рейстің кешіктірілетінін алдын ала хабарлап, тамақ пен сусын берілетіні туралы хабарландыру жасаған. Алайда бұл жолаушы түн ортасында, сағат 00:40-та, әуежайдағы кафе жабылып қалғанда тамақ сұраған. Әуекомпанияның мәліметінше, бұл уақытта тамақ алуға мүмкіндік болмаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз