- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Қауіпті". Әлеуметтік желіге...
"Қауіпті". Әлеуметтік желіге қандай суреттер салуға болмайды?
Фото:
ru.freepik.com
Заманауи әлемде қандай да бір адам жайлы мағлұмат алу үшін оның әлеуметтік желідегі парақшасын қарап шығу жеткілікті. Оның жұмысы, сапары, әуестігі, шығындары жайлы оңай біле аласыз. Оның себебі көпшілік ақпараттық гигиена ережелерін сақтамайды. Жеке мәліметтеріңізді қауіпсіздікте сақтау үшін әлеуметтік желіге қандай суреттер салуға болмайды?
Егер миллиондаған оқырмандары бар блогер болмасаңыз, әлеуметтік желідегі парақшаңызды жабық етіп қойыңыз: парақшаңызды тек достарыңыз бен жақындарыңыз көре алатын болсын. Блогерлер - әдетте, тәжірибелі адамдар, олар қандай ақпаратты ашық жариялауға болатынын, ал қандай ақпаратты жариялауға болмайтынын біледі. Сондай-ақ олар өздерінің танымалдылығының салдарына дайын келеді.
- Геолокациясы бар үйдің суреттерін жарияламаңыз. Бұл арқылы ұрлықшылар сіздің мекенжайыңызды біледі және суреттен сіздің қаржылық жағдайыңызды бағалай алады.
- Отырғызу талонының суретін жарияламаңыз. Көпшілік бір жерге ұшарда отырғызу талонының суретін жариялай салады. Ол несімен қауіпті? Бұл суретті көрген кез келген адам жеке кабинетіңізге кіре алады.
- Концерт және басқа да шара билеттерінің суретін жарияламаңыз. Егер кадрға штрих-код түсіп қалса, адам оған оңай фотошоп жасап, шығарып, сіздің орныңызға кіріп кете алады.
- Демалыс суреттерін жарияламаңыз. Бұл ұрлықшылар үшін олжа. Оған қоса, кей адамдар "мұндай жұмақ жерде тағы 5 күн боламыз" деп жазып қояды. Осылайша, адам ұрлықшыларға жағымды ақпарат береді. Сондай-ақ қай жерде екеніңізді белгілеудің де қажеті жоқ.
- Жаңа қымбат гаджет немесе техникалардың суретін жарияламаңыз. Парақшаңызды жабық етіп, қуанышты жаңалықпен жақындарыңызбен бөлісіңіз.
- Банк картасының суретін жарияламаңыз. Көпшілік банк картасының бірінші бетінде тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды, олардың ойынша құпия код көрінбесе болғаны. Алайда бұл олай емес. Әлеуметтік желіге банк картасының суретін мүлдем салмаған жөн.
- Құжаттардың суретін жарияламаңыз. Тіпті, біреудің құжатын тауып алсаңыз да, иесін табу мақсатында құжаттың суретін әлеуметтік желіге салудың қажеті жоқ.
- Балалар суретін жарияламаңыз. Бұл ақпаратты да қастандық ойлаушылар пайдалануы мүмкін. Кей адамдар баласының суретін салып қана қоймай, оны қай мектепке, қай үйірмеге сағат нешеде апарғанына дейін салады. Бұл өте қауіпті.
- Мақтау қағаздар мен сертификаттардың суретін жарияламаңыз. Көпшілік өзінің немесе баласының жетістігімен мақтанып, мақтау қағаздардың суретін салып қояды. Алайда кейде онда баланың аты-жөні, мектеп нөмірі, сыныбы, мектеп директорының аты-жөні жазылып тұрады. Бұл мәліметтер де алаяқтарға қажет болады.
- Басқа адамдар бар суретті олардың рұқсатынсыз жарияламаңыз. Басқа адамдар бар суретті жарияламас бұрын олардың рұқсатын сұраңыз. Себебі кейде бір адам дәл сол шарада көрінгісі келмеуі мүмкін. Сондай-ақ, кеште суретке түссеңіз, оны жариялауды келесі күнге қалдырыңыз. Себебі ойланбастан жарияланған суреттер сіздің беделіңізге немесе мансабыңызға жағымсыз әсер етуі мүмкін.